Атырау облысында пәтерден өрт шығып, екі бала көз жұмды

Атырау облысында пәтерден өрт шығып, екі бала көз жұмды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

25 сәуірде сағат 5:37-де Индер ауданы Индербор кенті Махамбет көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйлердің бірінде түтін шығып жатқаны туралы хабарлама түскен.

Өртсөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде 5 қабатты тұрғын үйдің 2-қабатындағы пәтер толық жанып кеткенін анықтады.

"Өрт кезінде үйдің жатын бөлмесінен 2014 жылы және 2017 жылы туған екі баланың денелері табылды. Сондай-ақ, балалардың анасы - 1995 жылғы әйел мен 1994 жылы туған ер адам ес-түссіз күйде табылып, аудандық орталық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді", - деп жазылған Атырау ТЖД хабарламасында.

Өрт сағат 06:02-де оқшауланып, сағат 06:10-да толықтай ауыздықталды.

Өрттің шығу себебін анықтау мақсатында Атырау қаласынан өрт-зерттеу зертханасы жұмыс істеп жатыр.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!