Вагон лас екенін айтқан екі жолаушы 50 мың теңге өндіріп алды

Жолаушылар Атырау - Ақтөбе бағытындағы пойыздың лас вагонын видеоға түсіріп, полиция шақырып, сотта өз құқығын қорғады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Диапазон" басылымына сілтеме жасап.

Атырау - Ақтөбе пойызының екі жолаушысы "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ны ("Қазақстан темір жолы ТҰК" АҚ еншілес компаниясы) сотқа берді.

Талап арызда өздері мінген вагон жолаушы тасымалдауға дайын емес екенін жазды: барлық жер шаң болған, краннан тот басқан, лас су аққан. Олар 102 нөміріне қоңырау шалып, Мақат станциясына көлік полициясының қызметкерлері келіп, өтінішті қабылдаған. Сондай-ақ, жолаушылар орындарын немесе вагондарын ауыстыруды сұраған, алайда олардың өтініші қолдау таппады. Нәтижесінде олар "Жолаушылар тасымалы" АҚ-дан моральдық зиян үшін 500 мың теңге талап етті.

Теміржол компаниясының өкілі талапкерлердің бұл талабымен келіспеді. Олар вагон тазаланғанын, Атырауда ауа райы ыстық болғанын түсіндіріп (ол кезде жазда еді - еск.), сондықтан вагондардың терезелері ашылып, шаң содан түсуі мүмкін екенін де айтты.

Сотта талапкерлер видео арқылы вагон лас болғанын дәлелдеді. 

Сот жолаушылардың талабы орынды деген ұйғарымға келді. Сот жауапкерді екі талапкерге моральдық шығын үшін 50 мың теңгеден төлеуге міндеттеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!