Су тасқынына қарсы шараларға бөлінген қаржы ұрланды: күдіктілер қамауға алынбаған

ҚМА Төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов гидротехникалық нысандарды күтіп ұстауға бөлінген қаржыны ұрлады деп күдікке ілінгендер қамауға алынбағаны айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін ҚМА су тасқыны салдарын жою үшін бөлінген ақшаны мақсатты пайдалануына қатысты тексерісті бастаған. Осылайша, агенттік Алматы қаласында, Ақтөбе, Қызылорда және Ұлытау облыстарында бюджет қаржысын жымқыру белгілері бойынша 4 қылмыстық іс қозғаған. 5 адам күдікті деп танылды. Залалдың жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асқан.

Жеңіс Елемесов күдіктілер қамауға алынбағанын жеткізді.

"Бұл қаржы гидрологиялық нысандарды күтіп ұстауға бұрын бөлінген. Оның қазір бөлінген 140 млрд теңгеге қатысы жоқ.

Бүгінде тендер алған кәсіпкерлер мен актіге қол қоюға қатысқан лауазымды тұлғалар күдіктілер қатарында. Әзірше ешкім тұтқындалған жоқ", - деді төрағаның орынбасары Мәжіліс кулуарында.

Ол бүгінде қылмыстық іс тергеліп жатқанын, ешкімге нақты айып тағылмағанын атап өтті.

"Біз бұлтартпау шарасын әлі таңдаған жоқпыз. Бұлтартпау шарасын таңдау үшін қылмыстың санатын көрсету керек. Тергеу барысында біз барлық фактіні анықтаймыз. Осыдан кейін нақты адамдарға анықталады", - деді Жеңіс Елемесов.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!