"Ескі үйді жамап қартайдық": Жетісуда ауылдың жүздеген тұрғыны қорқынышпен өмір сүріп жатыр

Жетісу облысы Кербұлақ ауданындағы Сарыөзек ауылының жүздеген тұрғыны өмірін қатерге тігіп отыр. Олардың осыдан бірнеше жыл бұрын комиссия шешімімен "апат жағдайында" деп танылған үйлерінде тұрудан өзге амалы жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Сексен жыл бұрын салынып, әбден тозығы жеткен баспана мәселесі айтыла-айтыла жауыр болған. Алайда ауыл азаматтары әлі қауіпсіз жерге көшірілмеген.

Ләззат Нұрышева мұнда ширек ғасырдан бері тұрып келеді. Тұрғынның айтуынша, 27 жыл бойы ескі үйді жамап қартайған. Алайда оны басқа мәселе алаңдатып отыр. Баспанасы апат жағдайында деп танылғанымен, иесін әлі үй кезегіне қоймаған. Ал бұл үй сүрілетін болса, жалғызбасты ананың барар жері жоқ.

"Мен 1997 жылы 19  мамырда көшіп келгенмін, үйге кезекке қоймады. Жолдасым қайтыс болғаннан кейін үйді сатып, 6 айдан кейін қайта өз атыма аударып алғанмын. Бірақ мен бұл жерден ешқайда көшкен жоқпын, салық төлеп отырмын", - деді Кербұлақ ауданының тұрғыны Ләззат Нұрышева.

Көпбалалы ана Айсұлу Қасымова да апат жағдайындағы үй кезегіне ілінбеген. Жылдар бойы базарда сауда жасап жүріп, 2 үй сатып алған. "Маңдай теріммен тапқан ақшама алған баспанамды құлап қалса да босатпаймын" деп отыр. Ал әкімдіктегілер әзірге атында бір үйі бар 79 тұрғынды есепке алған.

"Алты балам бар. Күйеуім қайтыс болған, бір балам мүгедек. Үйімді Үкіметке бере алмаймын, ертең өліп қалсам, ана балаларыма кім үй береді? Маған ақша берсін, басқа жерден үй аламын", - деді  Кербұлақ ауданының тұрғыны Әлия Әбілмәжінова.

Билікке Әл-Фараби, Абай, Рысқұлов көшелерінің тұрғындары базынасын айтты. Олардың баспаналары 2022 жылы апат жағдайында деп танылыпты. Бірақ көбі амалсыздан өмірін қатерге тігіп, тозған үйде тұрып жатыр. Сарыөзектіктердің бұл проблемасын аудан, облыс басшылары жақсы біледі.

"Бұл - жекеменшік үйіміз. Жалға берілген пәтерді 15 жыл төлеу керек. Ертең ол баспана бала-шағамызға қала ма?" - деді Кербұлақ ауданының тұрғыны Айман Жәлбенова.

"Жалғыз үйі апат жағдайында болып танылғанда ақшалай төлемақы және сол үйге теңестірілетін үй беру заңда қарастырылған. 5 қабатты 60 пәтерлі үй беру жоспарда бар. Бірақ "біз үй алмаймыз, ақшалай беріңіз" деген арыз түскен жоқ. Арыз түскен жағдайда қарастырамыз", - деді Кербұлақ аудандық түкш және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Қасенов.

Әкімдік өкілі заң бойынша жалғыз үйі апат жағдайында деп танылғандар ғана баспанамен қамтылатынын айтты. Биыл 60 адамға ғана беріледі екен.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!