Павлодар облысында тұрғындар үйінде сақталған қаруын тапсырып, сыйақы алып жатыр

Павлодар облысында тұрғындар үйінде сақталған қаруын тапсырып, сыйақы алып жатыр
Фото: Павлодар облысы ПД

Павлодар облысының тұрғындары үйлерінде сақтаулы тұрған қаруларын тапсырып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, ол үшін азаматтарға сыйақы беріледі. Ал облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, аймақта тіркелмеген қаруды сатып алу акциясы басталған. 

"Акция басталғаннан бері облыс тұрғындары баллистикалық сараптамаға жіберілген бес қаруды тапсырды. Тек сараптама нәтижелері бойынша сыйақы төлеу туралы шешім қабылданады", - деп жазылған хабарламада.

Мысалы, Баянауыл ауданының тұрғындары 16, 20 және 32 калибрлі тегіс ұңғылы қаруды тапсырып үлгерген. Бұл үшін шамамен 221 520 теңге төленеді.

Ал Тереңкөл ауданының тұрғыны марқұм әкесінен қалған ИЖ-17, 16 калибрлі тегіс ұңғылы аңшылық мылтығын тапсырды. Бұған шамамен 77 532 теңге төленеді.

Ведомство өкілдері заңсыз, тіркелмеген қару болса, оны тапсыру қажет екенін еске салды. Ол үшін жазбаша өтініш жазып, тұрғылықты жері бойынша полиция органдарына тапсыру керек.

Тіркелмеген қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтан босатылады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова