Кредит алуға талап күшейеді: депутаттар Сенат енгізген түзетулермен келісті

Кредит алуға талап күшейеді: депутаттар Сенат енгізген түзетулермен келісті
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда енді кредит алуға талап күшейеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқығын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға Сенат енгізген түзетулермен келісті.

Өткен аптада сенаторлар заң жобасын Мәжіліске қайтарған еді. 

Депутат Берік Бейсенғалиев Парламенттің жоғарғы палатасы енгізген түзетулер мына мәселелерді қарастырытынын жеткізді:

  • Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін республикалық бюджет шығындарының құрамынан қаржыландыруды алып тастау және Ұлттық банктің бюджетінен қаржыландыруға көшу;
  • Әскери қызметшілерге мерзімді қызмет өткергеннен кейін 60 күнге банк қарызы немесе микрокредит бойынша төлемдерді қосымша кейінге қалдыруды ұсыну;
  • Синдикатталған қаржыландыруға қатысуға құқығы бар тұлғалардың тізбесін кеңейтіп, Қазақстанның бейрезидент-банктерінің филиалдарын, "Астана" халықаралық қаржы орталығының банктерін енгізу;
  • Қаржы ұйымының басшы лауазымына кандидатты келісу кезінде Ұлттық басқарушы холдингтің, Қазақстанның Даму банкінің, жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнайы қорының басшы лауазымдарындағы жұмыс өтілін ескеру;
  • Коллекторлық агенттіктердің кредиттік бюроға берешекті реттеу жөніндегі мәліметтерді ұсыну міндетін енгізу;
  • Заңның тақырыбын және жекелеген жаңа ережелерінің қолданысқа енгізілу мерзімін өзгерту.

"Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқығын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келісуге болады деп есептейді", - деді Берік Бейсенғалиев.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Есен