Астанада 7 тұрғын үй кешені заңсыз салынып жатыр

Премьер-министр Олжас Бектенов Астанада G-Park компаниясы рұқсат құжаттарын алмастан 7 тұрғын үйді заңсыз салып жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде 39 проблемалық объект бар.

"Мысалы, Ақтөбе облысында 11 объекті бойынша алданған үлескерлер 2 жылдан бері соттасып келеді. Астанадағы "Араби-2 - Гранитный-2" тұрғын үй кешені 10 жыл бұрын проблемалық нысан деп танылған. 200-ге жуық отбасы үйлерін ала алмай отыр. Құжаттары дұрыс емес көптеген объетінің құрылысы созылып кетуі мүмкін.

Елордада G-Park компаниясы рұқсат құжаттарын алмастан 7 тұрғын үй құрылысын салып жатыр. Ал оған 3,5 мыңға жуық отбасы өз қаражатын салған. Атырау облысында мұндай объектілер саны - 39", - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, Қазақстан бойынша заңсыз салынып жатқан 340-тан астам тұрғын үй кешені бар.

"Бұл - бірінші кезекте, әкімдіктердің тарапынан жіберілген кемшіліктердің салдары. Өнеркәсіп министрлігі өңірлермен бірлесіп,1 маусымға дейінгі мерзімде салынып жатқан барлық объектіге құрылыс жұмыстарының заңдылығы мен құжаттарына ревизия жүргізуі қажет. Оның қорытындысы бойынша бір айдың ішінде осыған дейін қабылданған проблемалық объектілерді аяқтау жөніндегі жол картасын өзектендіру керек", - деді премьер-министр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз