Су тасқыны: жаңа үйлерді салуға бөлінетін 22 миллион теңге ешкімнің қолына берілмейді

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқыны салдарынан бүлінген үйді салуға бөлінетін 22 миллион теңге ешкімнің қолына берілмейтінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет отырысынан соң БАҚ өкілі ведомство басшысына "Сіз су тасқыны салдарынан бүлінген әрбір үйді салуға 22 миллион теңгеден бөлінеді дедіңіз. Бұл ақшаны қазақстандықтар қолына ала ма?" деген сауал жолдады.

Министр ақша ешкімнің қолына берілмейтінін жеткізді.

"Мемлекет ешкімнің қолына ешқандай қаражат бермейді. Мысалы, әртүрлі адам бар. Жауапкершілігі бар немесе жоқ. Қазіргі таңда үй салуға, қайта тұрғызуға арналған қаражатты қолға берсе, басқа мақсатқа жұмсалып кетуі мүмкін. Одан кейін қыста мұндай кісілерді не істейміз, тағы ақша береміз бе немесе қайта үй салып береміз бе? Сондықтан мемлекеттің шешімі осындай", - деді Қанат Шарлапаев.

Ведомство басшысы табиғи апаттан зардап шеккен тұрғынға таңдау берілетінін айтты.

"Тасқыннан зардап шеккен әр адамның өз қалауы бар. Үйін қайта тұрғызады немесе әкімдіктер қайталама нарықтан пәтер алып береді. Осы екі таңдаудың бірін пайдалануға болады. Ал жөндеу жұмыстарын әкімдік құрылыс компаниясына жүктей алады немесе бірнеше өңірде әкімдік шешімімен баспананы жөндеу шығынын халықтың қолына береді. Яғни үйді қайта салу үшін қолға қаражат бермейміз", - деді министр.

Еске салайық, бұған дейін су тасқынынан қираған үйлерді салуға 22 миллион теңгеден бөлінетіні хабарланған еді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!