Кейбір тұрғындар су басқан үйлерінен кетуден бас тартып жатыр - ТЖМ

Үкімет отырысында төтенше жағдай вице-министрі Бауыржан Сыздықов су басқан өңірлерде кейбір қазақстандықтар үйлерін тастап кеткісі келмегенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, қазір Атырау, Батыс, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынын жою жұмыстары жалғасып жатыр.

"Ресейдің Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне ағызған судың салдарынан батыста жағдай күрделене түсті, ал солтүстікте су Ақмола облысынан келіп жатыр. Сондай-ақ, Абай, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола және Қостанай облыстарында жағдай тұрақты, жергілікті өзендердегі су деңгейі біртіндеп төмендеп жатыр. Бұл өңірлердегі елді мекендерді су басу қаупі жоқ", - деді Бауыржан Сыздықов.

Бүгінде елімізде 5 мыңнан аса тұрғын үй, 16 мыңнан аса саяжай, бір мың аула мен 91 ғимарат су астында.
10 облыста жергілікті ауқымдағы 41 төтенше жағдай жарияланды. Абай және Павлодар облыстарының 3 ауданында төтенше жағдай режимнің күші жойылған.

"Құтқарушылар босанған әйелдерді құтқарған да жағдайлар болды, барлығы ауруханаларға аман-есен жеткізілді. Иелері тастап кеткен үй жануарларын да суда қалдырмай, қауіпсіз жерге көшірудеміз", - деді вице-министр.

Бауыржан Сыздықов табиғи апат болған өңірлерде кейбір қазақстандықтар үйінен кетуден бас тартып, жұмысты қиындатқанын жеткізді.

"Олжас Абайұлы, жекелеген азаматтар үйлерін тастап кеткісі келмеді, олармен келіссөздер жүргізуге көп уақыт кетті, бірақ эвакуация - олардың қауіпсіздігі үшін жалғыз ғана шешім болып табылатыны түсіндірілді. Құтқару кезінде мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға, әйелдер мен балаларға басымдық берілді", - деді министрдің орынбасары.

Ол су басқан өңірлерден барлығы 119 мыңға жуық адам алдын ала, оның ішінде 44 мыңнан астамы бала эвакуацияланғанын жеткізді.

"Бүгінгі таңда су тасқынын жоюға 32 мыңнан астам адам, 5 мыңға жуық техника, 310 жүзу құралдары мен 13 тікұшақ қатысып жатыр. Қорғаныс, Ішкі істер министрліктеріне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Мемлекеттік күзет қызметі мен Ұлттық Ұланға су тасқынын жоюдағы қосқан үлкен үлестері үшін алғыс айтамыз", - деді Бауыржан Сыздықов.

Оның айтуынша, 10 өңірге авариялық және шұғыл жұмыстарды үздіксіз жүргізу үшін көптеген арнайы техника мен басқа да мүлік жедел броннан шығарылған. Қосымша күштер "Қазақстан темір жолы" АҚ арқылы өңірлерге уақтылы жеткізілген. Бүгінде кейбір күштер өз аймақтарына орала бастаған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз