Талдықорғанда мас қыз 7 қабаттан секірмек болған

Талдықорған патрульдік полициясының қызметкерлері мас күйінде құрылысы аяқталмаған ғимараттың 7 қабатынан секірмек болған қызды тоқтатып, суицидтің алдын алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Polisia.kz" сілтеме жасап.

Талдықорған полициясының 102-арнасына такси жүргізушісі қоңырау шалған. Оның айтуынша, қыз өзін құрылысы аяқталмаған, қараусыз қалған ғимараттың жанында қалдыруын сұраған. Такси жүргізушісі қыздың мас екенін, күйзеліске түскенін көріп, оның өміріне алаңдап, полицей қызметкерлерінен көмек сұраған. 

"Оқиға орнына Бауыржан Жұмасилов пен Ернат Есімовтың құрамында "Бүркіт-162 " патрульдік полициясының жасағы шықты. Оқиға орнына келген полицейлер дереу құрылысы аяқталмаған ғимараттың соңғы қабатына көтеріліп, шатырдың шетінде отырған қызды тапты.

Қыз мас болды, өзін агрессивті ұстады және полиция қызметкерлерінің өзіне жақындағанын қаламады. Алайда біздің қызметкерлер оны тыныштандырып, қайғылы жағдайдың алдын алды", - деді Талдықорған қаласы ІІБ бастығы Ернар Ширбаев.

Оқиғадан кейін қыз облыстық психикалық денсаулық орталығына жеткізілді, онда оған медициналық көмек көрсетіліп, профилактикалық әңгіме жүргізілді.

Тағы да оқи отырыңыздар: Қазақстанда су тасқыны кезінде қанша адам қаза тапты?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!