Депутат TikTok-ты шектеуді ұсынды

Депутат TikTok-ты шектеуді ұсынды
Фото: pixabay.com

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Қазақстанда TikTok әлеуметтік желісін шектеуді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.

Ерлан Саировтың пікірінше, бүгінде адамзат баласының тұрмыс-тіршілігін интернет құралынсыз елестету мүмкін емес.

"Оның ішінде әлеуметтік желілер қоғам өміріне дендеп енген. Бүгінде Қазақстанда Instagram-ға 12,1 млн адам, Facebook-қа – 2,6 млн адам, ал 2 жылда TikTok-қа 14,1 млн адам тіркелген. Олар әрбір жанның ажырамас бөлігіне айналды", - деді депутат.

Оның пікірінше, аталған әлеуметтік желілер балалардың денсаулығы мен психикасына да теріс әсер етіп жатыр.

"Әсіресе, балалар арасында кең танымалдылыққа ие TikTok-тың жастарымызға рухани зияны артып келеді. Өкінішке қарай, бүгінгі жастар ата-баба тәлімімен емес, негізінен TikTok арқылы тәрбиеленіп жатыр. Онда пайдалы контентпен қатар, баланы жағымсыз әдеттер мен теріс қылықтарға бастайтын бейнематериалдар да жеткілікті. 

Түрлі ойындарды жарнамалау, онлайн казино, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, тіпті порнография, суицидке шақыру, былапыт сөздер мен бейәдеп көріністерге толы рилстар да осы TikTok арқылы таралуда. Оларды балалар тек қарап қана қоймай, зорлық-зомбылықтың құрбаны да болып, ойынқұмарлық дертіне ұшырауда. Біз көптеген ата-әже, әке-анамен кездескен сайын осы мәселені жиі көтеретін болды. Хайп қуып, пранк деген желеумен ар-ұяттан аттау әдетке айналды", - деді Ерлан Саиров.

Ол бірқатар ел аталған желіге шектеу қойғанын атап өтті.

"Мысалы, 2020 жылдан бастап Үндістан ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіреді деп TikTok-қа толық тыйым салды. 2018 жылы Индонезия уақытша шектеу қойды. 2021 жылы бауырлас Өзбекстан TikTok-қа тыйым салды. Қырғыз елі де аталған әлеуметтік желіге шектеу енгізді. 
Ал АҚШ Үкіметі де TikTok-қа ішінара шектеу енгізді. Еуродақ елдері де өз шенеуніктерінің телефондарына TikTok орнатуға тыйым салды. TikTok-ты ойлап табушы Қытай да балаларға "арнайы бала TikTok" контентін ұйымдастырды. Қытайда балалар TikTok-тың толық форматын пайдалана алмайды, нақты шектеу қарастырылған", - деді депутат.

Ерлан Саиров аталған әлеуметтік желінің ұлттық қауіпсіздігімізге, жастарымыздың моральдық бет-бейнесіне, денсаулығы мен психикасына төндіретін қаупін ескеріп, Үкіметке төмендегі шараларды қолға алуды ұсынды:

  1. Жуырда қабылданған онлайн платформалар заңына сәйкес TikTok-тағы адамзаттың моральдық және тағы басқа құндылығына қарсы келетін, яғни заңға қайшы барлық контентке шектеу қою.
  2. Балалардың санасын улайтын, түрлі теріс ағымдарға еліктіріп әкететін, олардың санасында қоғам туралы түсінікті дұрыс қалыптастырмайтын контентті бұғаттау;
  3. TikTok-ты балалар үшін қатаң шектеу немесе Қытай тәжірибесіндегідей балаларға арналған балама форматын ғана қолдануды енгізу.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда TikTok бұғатталуы мүмкін екені хабарланған еді.

Аяз Есен

А. Жапатова