Тасқын болған жерге неге журналистер бара алмайды? Аида Балаева себебін түсіндірді

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева БҚО-дағы су тасқынына журналистердің неге бара алмай жатқанын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мен мұны дискредитация деп ойламаймын. Себебі, біз Астанадамыз, ал ол жақта не болып жатқанын, төтенше жағдай қызметкерлерінің қалай жұмыс істеп жатқанын білмейміз. Мысалы, кеше олар эвакуациядан бас тартқан адамдарды құтқарды. Олардың заң аясында шектеу қоюға құқығы бар. Себебі, біз адамдардың оның ішінде журналистердің қауіпсіздігі туралы айтып отырмыз. Ол жақта жағдай қиын болған шығар. Сондықтан оқиғаның мән-жайын анықтайықшы. Жағдай тұрақталсыншы, кейсті қарастырамыз", - деді Аида Балаева Мәжілістің жалпы отырысынан соң.

Журналист "Оқиға орнында болу журналистердің міндеті емес пе? Бұл цензура емес пе?" деп сұрағын нақтылады.

Министр заңға бағыну керектігін атап өтті.

"Мен сіздерді түсінемін. Мысалы, құтқару жұмысы жүріп жатыр, ал сіз жұмыс істеп жүрсіз. Алайда бір адам суға кетуі немесе зардап шегуі мүмкін. Бұған кім жауап береді? Сондықтан заңдағы ережені сақтайық.
Жоқ, мен бұлай ойламаймын. Менің ойымша, бұл адамдарға деген қамқорлық. Менің ойымша, (су тасқыны туралы) барлық ақпарат беріліп жатыр. Республикалық штаб тәулік бойы жұмыс істеуде. Олар күніне 4 рет арнайы брифинг өткізеді. Барлық жергілікті атқарушы орган, төтенше жағдайлар министрлігі де түсінік беріп отыр. Сондықтан ешкім ақпарат беруді шектеген жоқ деп ойлаймын", - деді ведомство басшысы.

Аяз Есен