13 044 үйді су басты. Жайық жұртының жағдайы қалай?

Батыс Қазақстан облысында қауіп әлі сейілген жоқ. Дәл қазір Жайық жұртының көңілі алаңдаулы. Қазіргі уақытта Орал қаласының гидробекетінде Жайық өзені 862 см құрады, қауіпті деңгей 850 см болса, қауіпті аймақтан 12 см асып тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Орал қаласы бойынша 116 саяжайды су басты. Ол саяжайларды 2073 отбасы 6888 адам паналаған екен. Бірнеше саяжайдың азаматтары өзі тұратын баспаналарын аман алып қалу мақсатында бірнеше күн ұйықтамастан, бөгет тұрғызып, жұмыстанды. Бірақ олар қанша тырысқанымен тілсіз жауға қарсы тұра алмады. 17 сәуірден бастап үлкен су облыс аумағына, соның ішінде Январцева ауылының гидробекетіне толық көлемде келе бастады.

Жалпы  су тасқыны салдарынан 6 ауданда және Орал қаласында 1 292 тұрғын үйлерді су басты.  Суға кеткен 902 үйге тұрғындар қайтып оралса, 375 үй бос тұр. Ал 15 үйде бұрын ешкім тұрмаған екен.

"Өңір тұрғындарына су тасқыны салдарынан келтірілген материалдық залалды тиісті бағалау жұмыстары басталды. Қазіргі таңда суға кеткен үйлердің 1150-не техникалық сараптама жүргізілді. Сараптама қорытындысына сәйкес, 276 тұрғын үй жарамсыз болып шықты. 47 тұрғын үй капиталды жөндеуге жатады. Қазіргі күнде тұрғындарды қауіпсіз жерге орналастыру мақсатында 8 596 адамға арналған 161 уақытша орналастыру орталықтары дайындалды. Жалпы су тасқыны басталғаннан бері барлығы – 13 880 адам қауіпсіз жерге көшірілді, соның ішінде 5 748 бала. Бүгінгі таңда, 14 эвакуациялық орталықта  2 363 тұрғындар тұрып жатыр. Эвкуациялық орталықтар қажетті азық-түлік, медициналық көмекпен қамтылған.Су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда облыс бойынша 5 552 өтініш қабылданып, 1 542 отбасына  514,5 млн.теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл төлемдер жалғастырылуда", – деді БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысындағы саяжайлардағы 13 044 үйді су басты. Дәл қазір Жайық өзенінде су деңгейінің көтерілуі сақталуда.

Облыстағы авариялық-құтқару жұмыстарына 10 647 адам, 1 919 бірлік техника, 213 бірлік су сору құралы, 194 дана жүзу құралы және 5 вертолет жұмылдырылған.

Айгерім ҒАЛЫМ

 Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!