Қытайдағы су тасқыны: 50 мың адам эвакуацияланды, 11 адам із-түзсіз жоғалды

Қытайдың Гуандун провинциясында кейінгі күндері толасссыз жауға жауын салдарынан 11 адам із-түзсіз жоғалып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Xinhua агенттігіне сілтеме жасап.

Жақында нөсер провинцияның Шаогуань, Гуанчжоу, Хэюань, Чжаочин, Цинюань, Мэйчжоу және Хуйчжоу сияқты көптеген ауданға әсер етті. Салдарынан үйлер зақымдалып, жолдар жабылып, көшкін жүрді.

Жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Жоғалғандардың алтауы - Шаогуань қаласының Цзянван елді мекенінің тұрғындары, ал қалған бесеуі - Цинюань қаласындағы Далун ауылының тұрғындары.

Провинция бойынша барлығы 53 741 адам эвакуацияланды, 12 256 адам шұғыл эвакуацияланып, қауіпсіз орындарға орналастырылды.

Осы уақытқа дейін толассыз жауған жауын салдарынан 36 үй опырылып, 48 үй қатты зардап шекті. Тікелей экономикалық шығын - 140,6 миллион юан (шамамен 19,8 миллион доллар).

Еске салайық, бұған дейін Қытайдың Гуандун қаласында миллиондаған адамға қауіп төндіретін су тасқыны күтілетіні хабарланған болатын. Провинцияның ірі өзендеріндегі су деңгейі 50 жылда бір рет болатын ең жоғары деңгейге жетті. Провинциядағы ірі өзендер мен су қоймаларындағы су деңгейінің күрт көтерілуіне байланысты үкімет 127 миллионнан астам адамды қорғау үшін төтенше жағдайларға ден қою жоспарларын әзірледі.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!