Болашаққа қамқорлық: Абай облысының Көкпекті ауданында «Жасыл аймақ» апталығы ағаш отырғызудан басталды

Жергілікті тұрғындар – жастар мен аға буын өкілдері көшелерді ретке келтіруге, қоқыстарды шығаруға көмектесті.

Бұл ретте су шайып кеткен жолдарға жөндеу жүргізілді. Мәселен, Көкпекті-Биғаш ауылдары арасындағы облыстық маңызы бар жолды ағымдағы жөндеуге он үш бірлік техника мен он сегіз адам жұмылдырылған. Су айдындарына жүз алпыс тонна тас және жүз жиырма тонна құм-қиыршық тас қоспасы жұмсалып, тегістеу жүргізілді.

Көкпекті ауданының әкімдігі «Семей орманы» Мемлекеттік Орман Табиғи Резерваты (МОТР) филиалының күштерімен бірлесіп «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 22 сәуірде Көкпекті ауылындағы Ауған соғысы ардагерлерінің спорт алаңында ағаш отырғызды. Оған студенттер, аудан тұрғындары, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Акция барысында барлығы 300-ге жуық көшет отырғызылды және тағы көшеттер отырғызу үшін арнайы орындар дайындалды.

Сондай-ақ жалпы ұзындығы он екі шақырымды құрайтын көшелер тазартылып, Абай, Қабанбай батыр, Абылай хан, Ұлы Дәлі елі көшелеріндегі бордюрлер сырланды.

Саяхимов, Мұхтар Әуезов, Ырғызбай көшелерінде де сенбіліктер ұйымдастырылып, 20 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!