Су тасқынынан зардап шеккендерге қандай көмек көрсетілді?

Су тасқынынан зардап шеккендерге қандай көмек көрсетілді?
Фото: Massaget.kz / Nurzhan Rysbekov. Құлсары қаласы

Қазақстанда жойқын су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтардың шығынын өтеу процесі жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде 8,8 мыңнан астам қазақстандық отбасы мемлекеттік қолдау алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет бұл жұмыстарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүргізіп жатқаны айтылды.

"Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және еліміздің басқа да облыстарының тұрғындары арнайы құрылған өңірлік комиссияларға тиісті өтініштерін беріп жатыр. Бүгінде 16 862 өтініш келіп түскен", - делінген хабарламада.

20 сәуірдегі жағдай бойынша, 8 814 отбасы жалпы сомасы шамамен 3,2 миллиард теңге болатын 100 АЕК көлеміндегі біржолғы төлем алған.

"2 мыңнан астам отбасы келтірілген материалдық шығын үшін 1 миллиард теңгеге жуық өтемақы алды. Мал шығыны үшін берілген өтемақының жалпы сомасы 89 миллион теңгеге жетті. Қазіргі уақытта зардап шеккен өңірлерде 3210 тұрғын үй тексеріліп, олардың 1969-ына бағалау жүргізілді. 311 үйде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 447 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. 35 отбасыға ескі үйдің орнына жаңа баспана және пәтерлер берілді", - делінген хабарламада.

Келтірілген шығынды өтеу жұмыстары жалғасып жатыр және олар Үкіметтің қатаң бақылауында болатыны хабарланды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан