Жетісу облысында тонна-тонна пияз далада шашылып жатыр

Жетісу облысында тонналаған пияз далада шашылып жатыр. Жол бойында жатқан көкөністі жергілікті жұрт сұрыптап алып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Аlmaty.tv-ға сілтеме жасап.

Ал шаруа жаз бойы бел жазбай жиған өнімін қара күзден бері сата алмай қойыпты. Содан шіріп бара жатқан пиязды қоқысқа төгуден басқа амалы қалмаған.

Әлеуметтік желіге тараған пиязға қатысты видео Ескелді ауданында түсірілген. Егін алқабында шашылып жатқан көкөніс жергілікті шаруаға тиесілі. Ал пиязды жеріне төгуге рұқсат берген Қанағат Кариповтың айтуынша, диқанның 150 тоннадай өнімі шіріп, еңбегі зая кеткен.    

"Өнімді сатып алатын адам болмай қалды. Ол қойманы жалға алған. Сол шығын ақшасын шығару керек, бәріне адам жалдау керек, ақша жетпей жатыр көмектесші деп сұрады, ұялғанымнан келістім. Шаруалардың жағдайы жақсы емес, өзің ойлашы, 9 миллион ақшасын лақтырып жіберді", - деді Қанағат Кәріпов.

Шаруа шығынға батқанымен, оның еңбегінің қызығын ауылдастары көріп жатыр. Бір аптадан бері үсімеген, шірімеген жарамдысын сұрыптап, қап-қабымен жинап әкетіп жатыр. Жергілікті жұрт өнімді бұлай далаға тастағанша, халыққа таратып берген дұрыс екенін айтып отыр.  

"Орталыққа тұрып, қаппен таратса да болады ғой. Кеше арзан бағамен картоп таратып жатты. Әрине, шаруаларға обал. Халыққа таратып тастаса жақсы болар еді", - деді Ескелді ауданының тұрғыны Гүлшат Кекенова.

Әкімдік өкілдері бұл жағдайдан хабардар. Бірақ шаруа "өнімді сата алмай отырмын" деп көмек сұрамағанын айтады. Олардың мәліметінше, қожалық иесі 3 гектар жерге пияз егіп, оның 5-6 тоннасын сата алмаған.  

"Шаруалар бізден көмек сұрауға тиіс еді. Бізде ауданда апта сайын жәрмеңке ұйымдастырылады. Өтпей қалғаны жуаның осы жерде сатады," - дейді Ескелді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің  басшысы Қуат Қожахметов.

Сала мамандарының есебінше, былтыр елімізде 1 миллион тоннадан артық пияз жиналған. Ал халыққа жылына 315 мың тоннасы ғана қажет. Қалған өнім экспортқа шығарылуы керек болған. Алайда министрлік мамандары биыл экспорт көлемі төмендегенін логистикалық қиындықтар мен сұраныстың аздығымен байланыстырды. Қазір республика бойынша қоймада әлі 100 мың тоннадан аса өнім жатыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!