ІІМ терроризм актісіне қатысты мәлімдеме жасады

ІІМ терроризм актісіне қатысты мәлімдеме жасады
Фото: polisia.kz

ІІМ терроризм актісі туралы жалған хабар үшін жауапкершілік барын еске салды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

18 сәуірде Telegram-да Астана қаласындағы мектептерге шабуыл жасау қаупі туралы хабарламалар тарай бастады.

"Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау дерегі бойынша соталды тергеу басталды. Барлық қажет тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр. Хабарламада көрсетілген орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету және күзетті күшейту бойынша шаралар қабылданды. Осыған байланысты дүрбелеңге салынбай, ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз", - деді ведомство өкілдері.

Сонымен қатар, тексеріс нәтижесінде бұған дейін Ресей Федерациясының бірқатар өңірінде осындай хабарламалар тарағаны анықталды. Telegram-да жарияланған видео жалған және 2024 жылғы 31 қаңтарда Ресей Федерациясының Калуга қаласында тараған.

Айта кетейік, биыл ақпанда Ақтөбе, Атырау, Алматы, Павлодар, Қарағанды және Қостанай қалаларында осындай хабарламалар тараған болатын. Жалған хабарды таратқаны үшін Қарағанды және Қостанай қалаларында кәмелетке толмаған балалар ұсталды. Олардың жасы ескеріліп, ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, жалған ақпарат тарататын арналарды бұғаттау туралы мессенджер әкімшілігі жұмыс жүргізіп жатыр. ІІМ терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделетінін еске салады.

Еске салайық, бұған дейін полиция Астана мектептерінде терроризм болатыны туралы жазбаға пікір білдірді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова