Instagram желісінде заңсыз лотереялық ұтыс ойындары жиілеп кеткен

Instagram желісінде заңсыз лотереялық ұтыс ойындары жиілеп кеткен
Фото: itc.ua

Қазақстанда әлеуметтік желілерде, атап айтқанда Instagram платформасында заңсыз лотерея ұтыс ойындарын ұйымдастыру оқиғалары жиілеп кетті, нәтижесінде Туризм және спорт министрлігінің атына алданған азаматтардан жолданған шағымдар жиілеп кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрлік құқық қорғау органдарымен бірге әлеуметтік желілердегі жағдайды мұқият зерделеп, заңның сақталуын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауда. Мысалы, Instagram парақшасында заңсыз лотерея ұйымдастырған Жетісу облысының екі тұрғынына қатысты 70 АЕК (қайта жасалған жағдайда 200 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды. Сонымен қатар министрлік әкімшілік құқық бұзушылық туралы сотқа тағы 5 хаттама жолдады. Instagram желісінде заңсыз лотереялық ұтыс ойындарын ұйымдастырудың 10-нан астам фактісі бойынша хаттамалар дайындалып жатыр.

Осыған байланысты азаматтарға заңсыз лотереяны ұйымдастырғаны үшін, оның ішінде әлеуметтік желілерде, әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз.

Қазақстан Республикасының аумағында лотерея өткізуге "Сәтті Жұлдыз" АҚ және оның уәкілетті агенттері (субагенттері) айрықша құқыққа ие. Сондықтан ел азаматтарынан абай болуды және заңсыз лотереяға қатыспауын сұраймыз.

Министрлік құқық қорғау органдарымен бірлесіп Интернетте лотереяны заңсыз ұйымдастырушылардың қызметін тоқтату жөніндегі жұмысты жалғастырады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Б. Жұмаділлә