Су тасқыны: 1130 аула су астында қалды

ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш су тасқынына қатысты соңғы ақпаратты жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, тасқын басталғалы бері барлығы 117 880 адам, оның ішінде 43 900 бала эвакуацияланған. 19 мың 71 адам үйіне оралған. 113 852 бас мал қауіпсіз жерге айдалды.

"Қазір 8914 адам, оның ішінде 4019 бала эвакуациялау пунктеріне орналастырылды. 4237 тұрғын үй мен 2698 ауладан судың бағыты бұрылды. Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында 6 мың 46 тұрғын үй, 1130 аула су астында қалды", - деді Ерасыл Сайпаш ОКҚ-да өткен брифингте.

Сондай-ақ 10 млн 200 мыңнан аса текше метр еріген қар суы сорылып, су тасқынына қарсы 3 млн 200 мың қапшық пен 1 млн 400 мыңнан аса тонна инертті материал төселген.

Бүгінде Авариялық құтқару жұмыстарына 44 121 адам, 4610 техника, оның ішінде 858 су сору құралы, 339 жүзу құралы, 16 әуе кемесі тартылған.

Табиғи апаттың беті қайтпаған 5 өңірде 2 мыңнан аса адам құтқарылған.

"Солтүстік Қазақстан облысы Темирязев ауылынан, Қызылжар ауданы Соколевка, Барневка, Долмотов ауылдарынан, Петропавл қаласындағы Подгора, Кожвенный шағын аудандарынан, Заречный кентінен, Ақмола облысы Жарқайың ауданы Львовское ауылынан, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Құйылыс, Нұра ауылдарынан, Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе, Қазталов аудандары Қаратөбе және Жалпақтал ауылдарынан, Қостанай обылысы Жангелдин ауданы Байтұрсынов ауылынан барлығы 2475 тұрғын алдын ала эвакуацияланды", - деді ТЖМ өкілі.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз