Су тасқынынан зардап шеккендер өтінішті қалай бере алады?

Су тасқынынан зардап шеккендер өтінішті қалай бере алады?
Фото: Massaget.kz / Nurzhan Rysbekov

Бүгінде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар өтемақы алу үшін eGov mobile қосымшасы арқылы өтініш бере алады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ресми өкілі Альбина Атен айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Министрлік eGov mobile мобильді қосымшасында су тасқыны салдарынан келтірілген материалдық шығынды өтеу туралы өтініштерді қабылдауға арналған сервисті іске қосты. Қызмет су тасқынынан зардап шеккен Ақмола, Қостанай, Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы барлық азаматқа қолжетімді. Енді қазақстандықтар eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы шығынды өтеу туралы арызды тікелей бере алады", - деді Альбина Атен ОКҚ-де өткен брифингте.

Ресми өкіл су тасқыны болып жатқан өңірлердегі жағдайды онлайн бақылауға болатынын жеткізді.

"Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің бастамасымен Sergek Group компаниясымен бірлесіп, Gov.kz сайтында су тасқынына қарсы іс-шаралады көрсететін онлайн-трансляцияны іске қосты.

Енді әрбір азамат онлайн-трансляцияны пайдаланып, Орал, Атырау, Қостанай қалаларындағы жағдайды көріп, су тасқынына қарсы қандай жұмыс істеліп жатқанын біле алады", - деді ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Есен