Жолдағы шұңқырдан көлігіне зиян келген жүргізуші әкімдіктен өтемақы өндіріп алды

Қарағанды қаласында тұрғын автомобиль жолдарын күтіп ұстамаған әкімдіктен бүлінген көлігі үшін өтемақы өндіріп алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қарағанды ​​қаласы Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қарағанды ​​қаласы Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотында тұрғынның "Қарағанды ​​қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" ММ-не және "Қарағанды ​​қаласы Қазыбек би ауданы әкімінің аппараты" ММ-не материалдық залал сомасын өндіру туралы талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды.

"Азаматтық іс материалдарына сәйкес, 2023 жылғы 23 наурызда талапкер Бұқар-Жырау даңғылының бойымен өз көлігімен келе жатып, шұңқырдың үстінен өтіп бара жатқан бір қатарда келе жатқан автокөліктің дөңгелегінің астынан лас жаңбыр суымен бірге серпілген тастан көлігінің алдыңғы әйнегіне зақым келтірілген. Бағалау туралы есеп бойынша қалпына келтіру жөндеу жұмыстарының нарықтық құны амортизацияны ескере отырып, 341 220 теңге болған", - делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Талап қоюшы жауапкерлердің қаланың автомобиль жолдарын күтіп ұстау жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан өзіне залал келтірілгенін алға тартып, соттан жауапкерлерден материалдық шығын сомасын бірлесіп өндіруді сұрады.

Сот шешімімен талап арыз Азаматтық кодексінің 917-бабына (Азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлiктiк немесе мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарына заңсыз iс-әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) келтiрiлген (мүлiктiк және (немесе) мүлiктiк емес) зиянды, оны келтiрген тұлға толық көлемiнде өтеуге тиiс) сәйкес сотқа ұсынылған дәлелдемелер негізінде қағаттандырылды.

Осылайша, іс материалдарымен жоғарыда көрсетілген мән-жайлар Қарағанды ​​қаласының ІІБ Әкімшілік бөлімі басшысының әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасымен, "Қарағанды ​​қаласы Қазыбек би ауданы әкімінің аппараты" ММ-нің автомобиль жолдарын жоспарлау және күтіп ұстау жөніндегі басшысының ӘҚБтК-нің 631-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулысымен расталды.

Сонымен қатар, сотқа талапкермен автокөлігіндегі бейнебақылау камерасына түсірілген бейнежазбаны ұсынылған.

"Қарағанды қаласының полиция бөлімі әкімшілік бөлімі басшысының "Қарағанды қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы" бұйрығымен мекеме басшысына жол бойындағы шұңқырларды, шөгуді және басқа да зақымдануларды жою бойынша шаралар қабылдау қажеттігін көрсетеді. Талап арызды қанағаттандыру барысында, сот жауапкерлермен ​​қаланың автомобиль жолдары талапқа сай күтіп ұстау қамтамасыз етілмеген деген тұжырымға келді", - делінген хабарламада. 

Соттың шешімі заңды күшіне енді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!