Астанада 8-сынып оқушысы мектептің төртінші қабатынан секіріп кетті

Астанада № 72 мектеп-лицейдің сегізінші сынып оқушысы мектептің төртінші қабатындағы терезеден секіріп кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астана қаласы білім басқармасының мәлімдеуінше, оқиға орнына жедел жәрдем көлігі шақырылған. Қазіргі таңда бала ауруханада жатыр.

"Зардап шеккен жасөспірімнің миы шайқалған, кеуде және қарын тұстында жарақаттары бар, оң иық асты сүйегі мен оң аяғы сынған. Жалпы жағдайы ауыр (алған жарақаттарына байланысты), тұрақты деп бағаланады. Баланың жағдайы дәрігерлердің бақылауында", - делінген басқарма таратқан ақпаратта. 

Қазір оқиғаға не түрткі болғаны анықталып жатыр. Аталған факті бойынша қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!