"Парацетамолдан улану". Педиатр баланың қызуын түсіру кезінде білу керек маңызды нәрселерді айтты

"Парацетамолдан улану". Педиатр баланың қызуын түсіру кезінде білу керек маңызды нәрселерді айтты
Фото: ru.freepik.com

Ата-аналардың көпшілігі баласының температурасы көтерілсе, жиі үрейге салынады. Олар өздерін қоярға жер таппай, балаға ең алдымен көпшілікке белгілі парацетамол немесе ибупрофен береді. Алайда балаға қызу түсіретін дәрілерді берер кезде нені білу керек? Дәрінің балаға әсер етіп жатқанын қалай түсінеміз? Сондай-ақ балаға мұндай дәрілерді артық мөлшерде беру қандай салдарларға әкелуі мүмкін? Бұл сұрақтарға Massaget.kz тілшісіне Ақтөбе қаласының №3 қалалық емханасының педиатры Кабделова Замира жауап берді.

Дәрігер әдетте баланың дене қызуын түсіру үшін парацетамол немесе ибупрофен берілетінін айтты. Алайда оның мөлшерін және беру интервалын тек дәрігер тағайындауы керек.

"Балаға дене қызуын түсіретін препараттар қатаң түрде баланың салмағына есептеліп, тиісті интервалды сақтап берілуі  керек. Балаға арналған қызу түсіретін препараттар: парацетамол және ибупрофен. Парацетамол туылғаннан бастап, ибупрофен 3 айынан бастап немесе салмағы 5 кг-ға жеткен кезден бастап беруге болады. Ибупрофен беру интервалы - 6-8 сағат, яғни күніне 3-4 рет. Парацетамол беру интервалы - 4 сағат, бірақ күніне 3-4 реттен көп беруге болмайды. Препараттың дозасын міндетті түрде дәрігер есептеуі қажет", - дейді педиатр.

Дәрілік препарат әсер етіп жатқанын қайдан білеміз?

Дәрігер қызу түсіретін дәрінің әсері бірден байқалмауы мүмкін екенін ескертті.

"Дәрі бергеннен кейін баланың қызуы бірден түспейді. Оның әсері бір сағаттан кейін біліне бастайды. Басқа қызу түсіретін препарат беруге асықпаңыз. Тіпті температура 1°C-қа түссе препарат әсер етіп жатыр деген сөз. 36,6°C температураны күтпейміз, баланың жалпы жағдайына қараймыз", - дейді маман.

Егер температура түспесе не істейміз?

"Басқа температура түсіретін препарат беріп көреміз. Мысалы, парацетамол әсер етпеді, ибупрофен бересіз. Егер одан кейін де қызуы түспесе жедел жәрдем шақырыңыз", - дейді Кабделова Замира.

Тағы қандай жолдармен дене температурасын түсіруге болады?

Дәрілерден бөлек физикалық әдістермен дене қызуын түсіруге болады.

"Егер бала қызып тұрса, аяқ қолдары ұстағанда ыстық болса баланы шешіндіріп бөлме температурасындағы сумен ылғалданған  сүлгімен аяқ қолдарын, денесін сүртуге болады. Егер балада ақ қызба (аяқ қолдары салқын) болса, баланы жылытуымыз керек. Жылы киіндіріп, аяқ қолдарына массаж жасаймыз. Аяқ қолдары жылынғасын баланы шешіндіріп сулы сүлгімен ысқылауға болады, - дейді педиатр. - Сонымен қатар балаға сұйықтық беруді ұмытпаңыз".

Температура кезінде не беруге болмайды?

Дәрігердің айтуынша, жоғары температура кезінде балаға аспирин, анальгин, нимесил секілді препараттар беруге болмайды. Олар қан жасушаларына және асқазанның шырышты қабатына кері әсерін тигізеді.

Балаға парацетамолды көп беріп қойса, қандай салдарларға әкелуі мүмкін?

Парацетамол балаларда температура түсіруге, ауырсынуды басуға қолданатын препарат. Дәріханаларда рецептісіз беріледі. Дұрыс дозада берсеңіз тиімділігі жоғары.

"Ал парацетамолды артық доза қабылдасаңыз, бауырдың жедел жетіспеушілігіне әкелуі мүмкін. Бір реттік парацетамолдың 140мг/кг балаға беру бауырдың ауыр зақымдалуына әкеледі. Парацетамол ағзада ферменттердің әсерінен токсикалық метаболитке айналады. Адекватты дозада берсеңіз, бауыр ол токсикалық метаболитты ыдыратады. Бірақ препараттың үлкен дозасымен бұл затты ыдырату қабілеті төмендейді, ал парацетамолдың улы метаболиті бауыр жасушаларын жоя бастайды, - деп ескертті Кабделова Замира. - Парацетамолмен уланудың алғашқы клиникалық белгілері: жүрек айну, құсу, іштің оң жақ қабырға астының ауырсынуы және бүйрек аймағы ауырсынуы болуы мүмкін. Егер осы белгілерді байқасаңыз бірден жедел жәрдем шақырыңыз".

Дәрігер сонымен қатар, парацетамолды және стероидты емес қабынуға қарсы препараттарды (ибупрофен) артық мөлшерде ішу асқазан ішек жолдарынан қан кетуге әкелуі мүмкін екенін айтты.

Еске салайық, бұған дейін Бурятияда парацетамолдан уланған сәби қайтыс болғанын жазған болатынбыз. Баланың ата-анасы оны ЖРВИ-ден үйде өздері емдегісі келіп, парацетамолды дозасынан асырып берген. Бұл бауырдың қатты зақымдалуына әкеп соққан.

А. Жапатова