"Арманға айналған азаматтық". Алматы облысында қандастар 20 жылдан бері азаматтық ала алмай жүр

"Арманға айналған азаматтық". Алматы облысында қандастар 20 жылдан бері азаматтық ала алмай жүр
Фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов

"20 жылдан бері азаматтық ала алмай жүрміз". Алматы облысында бір топ қандас осылай деп шу шығарды. Сөздерінше Жамбыл аудандық көші-көн қызметі бір құжатты беру үшін жарты жыл сандалтып қояды екен. Содан болар мекеменің алдына жұрт таңғы алтыдан бастап кезекке тұрады. Ал жауаптылар "көктемде құрылыс саласына келетін мигранттардың кесірінен кезек көбейді" деп міз бақпай отыр. Massaget.kz тілшісі тіркеуі түгіл құжаты жоқ жұртпен тілдесіп қайтты. 

фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов

Мемлекеттік мекеменің алдына күнде келіп нәумез болған жұрттың қарасы қалың. Азаматтық алу үшін арқаланып келгендер сең соққан балықтай сенделіп жүр. Себебі көші-қон қызметіндегілер "біресе ана құжатың, біресе мына құжатың дұрыс емес" деп қайтарып жіберетін көрінеді. Түсіндіріп жатқан маман да жоқ. 

фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов

"Күйеуім мен мамама азаматтық алуым керек. Өзбекстан азаматтығынан бас тартып келдік. Оны тексереміз деп толғанып жүріп алды. Жауабы келіп еді енді қандай құжат жинау керегін айтпайды. Мамам 75-тен асқан кемпір. Ол кісіні сүйреп талай әкелгенмін осы жерге. ЛБГ ал деді алдым. Ақшасын төле деді, төледім. Енді қандай құжаттар керек екенін айтсын. Жинап әкеліп берейін. Көшіп келгеніме 20 жыл болды. Жиырма жылдан бері азаматтық ала алмай жүрміз", - дейді Мадина Абдрахманова. 

Мұндағы талай істің кері кеткенін көз көрді. Бір жапырақ қағазға қол жеткізу үшін қандастар таңғы алтыдан бастап кезекке тұрады. Себебі күніне 100-ден аса адам тірлігін тындыруға келгенімен мекеме тек 30-40 адамды қабылдап үлгереді екен. "Тоғызда келсең де тірлігің бітпейді. Ал алтыда келсем алдымда 26 адам тұр" дейді Жалғас Ходжақұлов. 

фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов

"Жұмыстан қолымыз босағанда келеміз. Өздері аптасына 3 күн істейді ғой. Келсек осылай кіре алмай кетеміз. Түстен кейін кейде база істемей қалады. Мен өзім таңғы алтыдан бері жүрмін. Сол уақыттың өзінде алдымда 26 адам болды. Тоғыздан кейін келсең пайдасы жоқ. Кезек саны 70-80-нен асып кетеді. Өзбекстаннан қоныс аударып келгенмін. Біресе ана құжатың жоқ, біресе мына құжатың жоқ деп сенделтіп жібереді", - дейді Жалғас Ходжақұлов

фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов

Босағасынан аттап кіру мұң болған мекеменің алдында қандастар таң алакеуімнен қызыл іңірге дейін тұруға бар. Себебі құжатсыз көшеде жүре алмайды, жұмысқа кіре алмайды, қысқасы Қазақстанда жақсы өмір сүре алмайды. "Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар" демекші, тарихи отанына келгендер бұрынғы мекеніне қайта алмай қалады екен. Себебі шекараның таусылмайтын тексерісінен тарпаң басып өту өнімсіз тірлік. 

фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов

"Қытайдан келгеніме жарты жылдай болды. Желтоқсанда барлық құжатымды өткіздім. Үш ай осы жақта тұрасың деген соң баламмен Қазақстанда қалдым. Пәтер жалдап жүрміз. Қазақпын деген құжатымды Қытайдан арнайы барып алып келдім. Бірақ қабылдамай қойды. Қытайға барсам 2-3 ай қайта алмай қаламын. Қиналып жатырмыз. Балам да оқудан қалды. Қазақ еліне барып оқитын болды деп алып кеткем. Енді қайта барсақ ол жерде баламды қабылдамайды. Біз жақта екі күннің ішінде құжатын бітірмесе қызметінен қуып жібереді. Ал мына жақта айлап күтесің. Арманға айналған азаматтық болды бұл", - дейді Гүлзипа Хасен. 

фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов

Аспан асты елінде халық қанша көп болса да, кезек жоқ. Ал біздегі жауаптылар ұзын-сонар кезектің болуын көктемде құрылыс жасауға келетін мигранттармен байланыстырды. Бір адамды қабылдау үшін кемі 25-30 минут уақыт керек. Сәйкесінше жамбыл аудандық көші-көн қызметі күніне 30-40 адамды қабылдайды.   

фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов. Жамбыл ауданы ПБ жедел істер жөніндегі бастықтың орынбасары Бейбіт Байзиханов. 

"Азаматтық қандастарға 45 жұмыс күнінде беріледі. Шетелдерге, басқа да құзырлы орындарға жіберетін сұарқтар болады. Содан созылып кетеді. Кейде алты айлап күтетіндері бар. Көп жағдайда шетелден жауап келмей кешігіп жатады. Кейде 2 айда, кейде 4 айда келеді. Басқа мемлекеттен құжат келмейінше құжатын қолына ұстатып жібере алмаймыз. Оның үстіне қазір прафилактикалық шаралар жүріп жатыр. Қазір көбіне құрылыс саласына мигранттар көптеп келіп жатыр. Сол себепті кезекте тұрғандар көп. Жазда бұлай болмайды", - дейді Жамбыл ауданы ПБ жедел істер жөніндегі бастықтың орынбасары Бейбіт Байзиханов. 

Ал жергілікті жұрт жауаптылардың айтқан сөзіне сенбейді. Себебі мекеменің алдындағы кезек жыл он екі ай азаймайды екен. Азаматтық алудан бөлек жергілікті жұрттың мәселесі де уақытылы шешілмейді. Қазір көші-көн қызметінде құжат қабылдайтын 3 терезе жұмыс жасайды. Алайда қақпа алдындағы кезектің одан азайып жатқаны шамалы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов