Маңғыстауда "Бердібек әулие" қорымына тазалық жұмыстары жүргізілді

Маңғыстауда "Бердібек әулие" қорымына тазалық жұмыстары жүргізілді
Фото: Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығы

"Таза Қазақстан" республикалық акциясы бойынша Маңғыстауда тарихи-мәдени ескерткіштер аумағы абаттандырылуда. Соның бірі - Баянды ауылы маңында орналасқан "Бердібек әулие" қорымы, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Тазалық жұмыстарына Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театр әртістері мен Маңғыстау облысының мемлекеттік архиві ұжымы, сондай-ақ, өңірлік мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты "Отпан" МКҚК ұжымы өз үлесін қосты.

- Қазіргі таңда "Таза Қазақстан" акциясы бойынша барлық өңірде сенбілік жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта "Бердібек әулие" қорымында сенбілік жұмыстарын жүргізудеміз. Өңір тазалығы - баршаға ортақ іс. Сондықтан, маңғыстаулықтарды осы игі іске белсене атсалысуға шақырамын, - деді Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театр әртісі Нұрлыбек Жұмабаев.

Маңғыстау облысының мемлекеттік архиві директорының орынбасары Раушан Кубегенова оң бастаманы қолдайтынын атап өтті.

- Туған өлкенің тазалығына атсалысу - әрбір азаматтың міндеті. Әр сенбі сайын әрбір тұрғын өз ауласына ағаш отырғызып, қоқыстан тазартса, аймағымыз жасыл желекпен көмкерілер ме еді. Осындай сенбілік жұмыстарын жиі өткізуді қолдаймын, - деді Раушан Кубегенова.

Айта кетейік, Ақтау қаласынан 19,5 км солтүстік-шығыс бағытта орналасқан "Бердібек әулие" қорымы жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Қорымда 8 сағанатам, 1 құлпытас, 8 қойтас, 2 құлпытасты қойтас, 1 табыттас құлпытасты қойтаспен, 19 тас қоршаулар мен 15 тас белгілер бар. Мұндағы басты нысан күмбезтамның ең ертедегісінің құрылыс тастары жартылай өңделген ұлутастардан саз балшық араластырылып көлденең қаланған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай