Шымкентте патрульдік көлікті жеке мақсатта пайдалану дерегі тексеріліп жатыр

Шымкентте патрульдік көлікті жеке мақсатта пайдалану дерегі тексеріліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы қалалық Полиция департаменті өкілдері мәлімдеді. Басылым мәліметінше, оқиға куәгерлері редакцияға видео жолдаған. Онда патрульдік полиция көлігінің жеке үйге келе жатқаны көрінеді. Қызметтік көлікті қарапайым киім киген ер адам айдап келе жатыр, ал артқы жолаушы орындығында балалы екі әйел отыр.

Куәгерлердің айтуынша, видео 10 сәуірде түсірілген. Шымкент қалалық Полиция департаментінің өкілдері патрульдік көлікті басқарған жүргізуші кім екенін анықтап, қызметтік көлікті жұмыстан тыс уақытта пайдаланғаны үшін, сондай-ақ, жеке ісімен жүргені үшін жауапкершілікке тартуға уәде берді.

"Қазір бұл дерек бойынша полиция қызметкеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкеріне қатаң тәртіптік жаза қолданылады", - деді департаменттің баспасөз қызметі өкілі.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз