Мектеп асханасынан тыйым салынған тағамдар табылған

Мектеп асханасынан тыйым салынған тағамдар табылған
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қызылорда облысында оқушыларға жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімдер беріліп келген. Мектептерде тыйым салынған тағамдар да пайдаланылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы телеарнасына сілтеме жасап. 

Оқу ордасының ас мәзірі де талапқа сай болмай шыққан. Білім беру нысандарының асханаларын аралап көрген қалалық мәслихат депутаттары оқу ордаларында ыстық тамақпен қамтудың сапасы сын көтермей тұрғанын айтты.

"Асхана блогында аспазшыларға арналған қолкептіргіш орнатылуы керек. Барлық мектепте орнатылмаған. Сынған ыдыстарды пайдаланбау талаптары Қызылорда қаласы № 212 мектепте сақталмаған. Қызылорда қаласы №179 мектептің кәсіпкері сертификатта көрсетілген жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімдерді және тыйым салынған тұшпара, шұжық, қатпарлы қамыр өнімдерін пайдаланған", - дейді облыстың бала құқықтары жөніндегі уәкілі Жапырақ Ұзақбаева.

Қызылорда қаласында 34 мыңнан аса оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілсе, оның 13 мыңға жуығы - әлеуметтік аз қамтылған санаттағылар. Бюджеттік өтінімге сәйкес, бастауыш сыныптарға бір күнге 560 теңге, ал жоғары сыныптарға 582 теңге бекітілген. Қалалық прокуратураның қаулысымен 45 мектептің асханасы тексеріліп, 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Тиісті талаптарды орындамаған 4 кәсіп иесінің ісі сотта қаралып жатыр.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова