Педагогтер аттестациясы қашан басталатыны белгілі болды

Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев мұғалімдердің аттестациясы қашан басталатыны айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, педагогтерді аттестаттаудан өткізу мерзімі мен біліктілік санаттарын беру, растау рәсімдері биыл 17 сәуір мен 1 қыркүйек аралығында өтеді.

"Аттестаттау қағидалары мен шарттарына енгізілген өзгерістерге сәйкес педагогтердің білімін бағалау, яғни тестілеу жүргізу биыл 18 сәуір мен 13 мамыр аралығында өтеді. 17 сәуірден бастап Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында онлайн тіркелу ашылады. Биыл аттестаттау мерзімі келген барлық мұғалім еркін тіркеле алады. Тестілеу өңірлердегі тестілеу өткізу пунктерінде аптаның алты күнінде үздіксіз өтеді. Осылайша барлық педагогке тестілеуден өтуге жағдай жасалып отыр. Бірінші рет тестілеу тегін, ал екінші рет ақылы негізде өтеді", - деп мәлімдеді Қаныбек Жұмашев.

Комитет су тасқыны салдарынан төтенше жағдай режимі енгізілген өңірлердің педагогтері үшін тестілеу мерзімі тамызға ауыстырылғанын айтты. Ал тұрғын үйінен айырылған педагогтердің аттестаттау кезеңі бір күнтізбелік жылға шегерілді.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда оқушылар БЖБ, ТЖБ-дан босатылатыны хабарланды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз