Депутат ТЖ кезінде компаниялардың билет бағасын өсіріп жібергеніне наразы болды

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин төтенше жағдай кезінде еліміздегі бірқатар жолаушы тасымалдаушы компаниялардың билет бағасын өсіріп жібергеніне наразы болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттың сөзінше, мұндай компаниялардың мақсаты - осындай күрделі сәтті пайдаланып, пайда тауып қалу. 

"Мәселен, баспасөз беттерінде жарияланған деректерге қарағанда, Атыраудан Ақтауға ұшақпен жеткісі келген жолаушылар, бір билет үшін 170 780 теңге төлеуге мәжбүр болды. Ал Атыраудан Алматыға билет бағасы 675 мың теңгеге дейін көтерілген. Алматы, Астана қалаларынан осы өңірлерге қатынайтын әуе рейстерінің де бағасы шарықтап кеткен. Жол қатынасы бағасының қымбатшылығы және әуе, темір жол көліктерінің аздығы, тасқын су басқан облыстардан басқа өңірлерге тұрғындардың кетуіне қиындық туғызып жатыр", - дейді депутат. 

Жаңбыршин сондықтан бұл мәселеге ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласып, әуе және темір жол билеттері бағасының өсуіне жол бермеу жөнінде қатаң ескерткенін атап өтті.

"Осыған орай "Қазақстан темір жолы" компаниясы өздеріне қарасты "Жолаушылар тасымалы" Акционерлік Қоғамы поездарының билеттері қымбаттамайтынын, бұрынғы қалпында қалдырылатынын хабарлады.

Qazaq Air әуе компаниясы еліміздің бірқатар өңірлеріндегі су тасқынына байланысты тұрақсыз жағдайды ескере отырып, әуе билеттерінің жоғарғы құнын бір бағытқа 40 000 теңгеге дейін арзандатты. Компания бұл уақытша тарифпен Қазақстан Республикасындағы су тасқынынан зардап шеккен барлық өңірлердің бағыттарында 24 сәуірге дейін әрекет ететінін мәлімдеді.

Ал еліміздегі ең ірі әуе компаниясы – Air Astana тобы 9-шы және 18-ші сәуір аралығында Атыраудан Алматы, Астана, Ақтау және Шымкент қалаларына 33 қосымша рейс ұйымдастырылғанын мәлімдеумен ғана шектелді", - дейді Еділ Жаңбыршин.

Депутат әуе қатынасы бойынша ішкі рейстер бағасының тым қымбаттауы өзге де депутаттар тарапынан бірнеше рет көтерілгенін. бірақ түбегейлі өзгеріс болмағанын айтты.

"Соңғы жағдайларға байланысты бағаның одан әрі шарықтауы, шектен шығушылық деп білеміз. Ұшатын күн жақындағанда билет бағасын әдейі көтеріп жіберу – барып тұрған қиянат! Күні кеше Мәжіліс депутаты Самат Мусабаевтың көлік министріне әлеуметтік желі арқылы жолдаған талабы мүлдем жауапсыз қалды! Неге жауап жоқ? Әлде министрдің әуе компанияларына билігі жүрмей ме?

Елдегі көлік саласы тек қауіпсіз және сапалы болып қоймай, көпшілікке қолжетімді болуы керек.Осыны көлік компанияларынан талап ету қажет, ал тыңдамаған жағдайда мемлекет тарапынан қатаң шара алынсын! Оларға жалбақтайтын заман өтті! Сонымен қатар, транспорт билеттерінің құны ғана емес, зат бағасы да қырық құбылып тұр", - дейді Мәжіліс депутаты.

Депутат жоғарыда келтірілген мәселелерді ескере отырып, Үкімет келесі сұрақтарды шұғыл түрде шешу қажет екенін айтты:

  1. Еліміздегі әуе, темір жол, автомобиль көліктері тасымалдаушыларының бағаларын тұрақты бақылауға алып, оның негізсіз көтерілуіне жол бермесін.Әсіресе, топан судан зардап шеккен өңірлерді жалғайтын көлік қатынасына ерекше назар аударсын;
  2. Әуе қатынастары тарифтерінің өспеуін тек 24 сәуіргедейін ұстап тұрмай, одан кейін де билет бағасының жыл он екі ай тұрақты болу мәселесінқарастырсын.
  3. Су тасқыны орын алған өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, жанар-жағармай, құрал-сайман, құрылыс материалдарының және тағы да басқа тауартүрлерінің бағасын тұрақтандыруды қолға алсын және өсуіне жол бермесін.
  4. Қазірден бастап Үкімет тиісті министрліктер мен ведомстволарды ұйымдастырып,жүйелі түрде жұқпалы ауруларға қарсы жедел кешенді шаралар қабылдасын.

"Қорытындылай келе айтпағым. Бұл апат көзге көрінбей, іште жасырын жатқан біраз кемшіліктерімізді ашып жатыр. Ағын су мемлекеттегі "ескі ауруларымызды" тазалауға да себепші болады деген үмітіміз бар.Осы төтенше жағдай бәрімізге сабақ болуы тиіс. Халқымыздың дана сөзі бар "Бір қиындықтың артында екі жақсылық бар" деген. Жақсылық та, береке деәрекетпен келеді. Сондықтан халық пенбилік бірге қимылдап, топан су зардабынтез арада жоюға күш салу қажет!", - дейді депутат. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!