Енді мопедті тіркеу міндеттеледі

Қазақстанда енді мопедті тіркеу міндеттеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Жол жүрісі туралы" заңға жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасын депутат Екатерина Смышляева таныстырды.

"Құжат көліктің осы түрінің қозғалысын реттеу жөніндегі жұмыстың жалғасы саналады. Бұл жолдардағы мопедтердің көбеюіне байланысты. Бүгінде мопед - ең қолжетімді көлік түрінің бірі. Алайда олардың санының артуы жолда көлік апатының артуына әкеп отыр. Мысалы, 2023 жылы (мопедтерге қатысты) 750 жол апаты тіркелді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4 есе көп", - деді ол.

Заң жобасында мынадай нормалар бар:

• Қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден төмен мопедтерді мемлекеттік тіркеу;
• Мопед жүргізушісіне қойылатын талаптарды белгілеу;
• Жергілікті атқарушы органдарға электр самокаттарды пайдалану тәртібін айқындау бойынша құзырет беру;
• Жол қауіпсіздігін цифрландыру бойынша нормалар ұсынылды.

Сондай-ақ, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің аясында мынадай нормалар ұсынылды.

• Рұқсат етілген жылдамдықты әлдеқайда асырып жүретін адамдардың жауапкершілігін күшейтуді енгізу;
• Мопед жүргізушісін механикалық көлік жүргізушісімен теңестіру;
• Лауазымды адамның жолдарды және жол құрылыстарын күтіп-ұстауға байланысты қайталама құқықбұзушылық үшін жауапкершілігі артады.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!