Жыл сайын елімізде мас жүргізушілердің кесірінен қанша адам көз жұмады?

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жыл сайын Қазақстанда мас жүргізушілердің кесірінен қанша адам қаза табатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жыл сайын елімізде мас жүргізушілердің кесірінен шамамен 500 көлік апаты тіркеледі. Салдарынан 100-ге жуық адам қаза тауып, 600 адам түрлі дене жарақатын алады. 6 жылда яғни 2018-2023 жылдары көлікті мас күйде жүргізудің 148 мың дерегі тіркелді. Былтыр мұндай 22 мың дерек анықталды. Менің ойымша, бұл шара керек (мас жүргізушілерді көлік басқару құқығынан айыру) және ол орынды. Оны қарастырудың қажеті жоқ", - деді министрдің орынбасары Мәжілістің жалпы отырысында.

Игорь Лепеха мас жүргізушілердің жазасын неге жеңілдетуге болмайтынын түсіндірді.

"Біріншіден, егер адам рөлде ішпесе, оған заңда қандай санкция қарастырылғаны маңызды емес. Екіншіден, біз көлік басқару құқығынан айырылған жүргізушілерді айтып отырмыз. (Жазаны жеңілдету мәселесінде) мас жүргізушіледің кесірінен көлік апатында жақындарынан айырылған отбасылардың да пікірін ескеру керек.

Үшіншіден, біз де талдау жүргіземіз. Мұндай адамдар көп емес. Бұл мәселені белгілі бір топ көтереді. Менің ойымша, бұл шара керек (мас жүргізушілерді көлік басқару құқығынан айыру). Кейбір елдерде мұндай адамдардан көлігін тәркілеп алады. Бізде мұндай ұсыныс қолдау таппады. Сондықтан жазаны жеңілдету орынсыз деп санаймын. Себебі, мас жүргізушілер кесірінен болатын көлік апаты азаймай отыр. 22 мың көлік апаты. Негізінен деректер бұдан да көп. Бүгінде көлікті тоқтату ережесі күшейген. Егер жүргізуші жол ережесін бұзбаса, біз оны тоқтата алмаймыз. Басқа елдердегі сияқты арнайы рейд жүрсізсек, бұл дерек жоғары болады", - деді басшы.

Айта кетейік, жыл сайын Қазақстанда жол апатынан 2 мыңға жуық адам қаза табады.

Аяз Есен

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!