"Жақсы көретін асы". Нұрлан Өнербаев анасына арнап әсерлі жазба жариялады

Танымал әнші Нұрлан Өнербаев анасына арнап әсерлі жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. 

"Менің анам 100 жасайды! Бүгін - менің анамның туған күні. Жасы 83-ке келді. Кеше бүкіл баласы, немересі, шөбересі жиналып анамызға, біздің бағымызға "100 жасаңыз" деп тілек тіледік. 1959 жылғы ақпанда Өнербай әулетіне келін болып түсіп, бүгінде осы әулеттің ең үлкен батагөй анасына айналып отыр. Ата-ененің алдын көрді, қызметін жасап, батасына кенелді. Ағайынның көңілін тапты,әулеттің мақтаулы келіні болды. Көрші-қолаңға ақ көңіл, кең пейілін көрсетіп, ауылдың сыйлы кейуанасы атанды. Құдай қосқан жарына адалдығын сақтап, отбасының отын 60 жылға жуық бірге жақты. Он перзентке өмір сыйлап, шаңырақты шаттыққа бөледі. Отызға жуық немере мен қырыққа жуық шөбереге (анық санын Алла біледі) аяулы әже болды", - деп жазды ол. 

Сондай-ақ, әнші анасының ең сүйікті асы туралы айтты. 

"Әжесінің батасын алған немере келіндер мен немере қыздары, біз де әжеміздей алтын алқалы боламыз деп, бірінен соң бірі кезекте тұр. Ал анамыздың бұл күндегі ең жақсы көретін асы - ол шөберелерінің алақанынан май жалау. Әлі де жалай беремін дейді. Әумин, Алла тілегін берсін. Өсірген ұл-қыздары бүгінде ел құрметіне бөленіп, анасын "алтын құрсақты Ана" деген құрметке бөледі. Елі құрметтеп төсіне алтыннан алқа тағып, "Батыр Ана" деп марапаттады. Анамыздың айтуынша, жас күнінде ауыл үлкендерінен, ата-енелерінен, алдыңғы абысындарынан естіген ең көп тілек, батасы "жүз жаса айналайын" екен. Біз де Анамызды бүгінгі туған күнінде "жүз жасаңыз" деп тілек тілейміз!" - дейді ол. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!