Қазақстанда зорлық-зомбылық көбіне қандай күйде жасалады?

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚҚДИ-ға сілтеме жасап. 

"Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2012 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде полиция отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 1 915 230 шағым тіркеген, яғни 1 000 адамның әрбір 10-шысы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген. Алайда, осы он жыл ішінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша полицияға түскен шағымның төмендеу динамикасы байқалады", - деді Қазақстандық қоғамдық даму институты.

Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 60%-ы мас күйінде жасалады, оның ішінде отбасында жанжал тудырғандардың 97%-ы
наркологиялық мекемелерге жатқызылады.

"Бұл олардың ішімдікке (есірткіге) тәуелділігін және мәжбүрлі түрде емделу керектігін көрсетеді. Жалпы құқықтық статистика деректерді талдау отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайының түбегейлі өзгермегенін көрсетеді. Бұны әлеуметтанулық сауалнама нәтижелері де растайды. Мәселен, сауалнамаға қатысқан азаматтардың 40,3%-ы соңғы 2 жылда ештеңе өзгерген жоқ, 19,5%-ы –жақсарған сияқты, 14,1%-ы – нашарлаған сияқты, 8,2%-ы – айтарлықтай нашарлады, 7,5%-ы – айтарлықтай жақсарды деп санайды", - делінген ақпаратта.

Баяндамада зорлық-зомбылық көрсететін қарым-қатынаста әйелдер де жұбайына физикалық агрессия көрсетуі мүмкін екені жазылған.

Бұл жерде зорлық-зомбылықтың екіжақты болуы мүмкін екенін ескеру керек. Ер адамға қатысты отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық әдетте айтылмайды, себебі зорлық-зомбылықты ерлерге қарағанда әйелдер жиі хабарлайды. Оның үстіне агрессор ретінде көбіне әйел емес, ер адам ұсталады. Ал, агрессор әйел қоғамда қылмыскер емес, құрбан ретінде қабылдануы мүмкін. Сондықтан әйелдерден бөлек, ерлерге назар аудару қажеттігі бар.

"2021 жылы 13,1 мың ер адамның 11,2 мыңы (85%) құрбандардың жұбайы/бірге тұратындары (бұрынғы), ал қалғандары құрбандармен өзге де туыстық байланыста, 555 әйелдің 333-і (60%) құрбандардың зайыбы/бірге тұратындары (бұрынғы), ал қалғандары құрбандармен өзге де туыстық байланыста болған", - делінген ұлттық баяндама.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!