"12 мың АҚШ долларын төледім". Жәнібекті асырап алған бельгиялық әйел жаңа мәлімет айтты

"12 мың АҚШ долларын төледім". Жәнібекті асырап алған бельгиялық әйел жаңа мәлімет айтты
Фото: Massaget.kz коллажы / Видеодан алынған кадр

Әлеуметтік желіде бельгиялық отбасы асырап алған 21 жастағы Эдди Жан Қазақстандағы туған ата-анасын іздейтіні туралы ақпарат тараған еді. Оған дүниеге келгенде Жәнібек деген есім де берілген екен. Оның биологиялық анасы әлі де табылған жоқ. Белгиялық әйел баланы асырап алу үшін қазақстандықтарға қомақты қаржы берген көрінеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Жәнібекті асырап алған Валеридің өзі айтты. Оның бірнеше сұраққа жауап бергені бейнеленген видеосын Жәнібек әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. 

Жәнібекті асырап алған бельгиялық әйелдің айтуынша, бала туралы мәліметті өзі Қазақстанға келмей тұрып білген. 

"Мен Бельгияда делдал арқылы Қазақстаннан бала асырап алған әйелмен таныстым. Бала асырап алу жолымдағы алғашқы қадамды жасауға сол әйел көмектесті. Бірнеше жылдан кейін ол бала асырап алуға көмектесетін орталық ашты. 

Бала асырап алуға көмектесетін әйелмен танысқаннан кейін, Арқалықтағы балалар үйіне хабарластым. Балалар үйінің өкілі асырап алуға маған Жәнібекті ұсынды. Сөйтіп, Жәнібектің фотосы мен ол туралы ақпаратты электрон пошта арқылы алдым. Қазақстанға келгеннен кейін мені Арқалыққа екі ер адам алып барды. Шынымды айтсам, мен қорықтым. Олар мен бір әйелдің үйіне апарды, сол үйде түнедік. Кейін балалар үйіне барғаннан кейін, Жәнібек туралы білмейтіндей кейіп танытып, қай баланы асырап алатынымды білсем де, белмейтіндей болып, "қай баланы асырап алсам екен?" деп өтірік іс-әрекет істеп тұрдым. Өйткені маған "осылай істе" деп айтқан болатын. Сөйтіп бала асырап алуға барлық құжатты дайындай бастадым, елде шамамен 2-3 айдай болдым. ", - деді ол.

Ол асырап алуға баланы таңдайтын мүмкіндігі болмағанын жеткізді. 

"Менде "Қазақстанның қай балалар үйінен бала асырап алсам екен?" деп таңдаймын мүмкіндік болған жоқ. Бірақ мен басынан-ақ қандай бала асырап алғым келетінін айттым. 2-3 жасқа дейінгі ұл бала алғым келді", - деді Валери.

Валери Қазақстанда бала асырап алу үшін ақша төлеп, оны басқа мемлекетке алып кету заңсыз екенін білмегенін айтты.

"Жағдайдың бұлай қалыптасқанына кешірім сұраймын. Мен Жәнібекті асырап алу үшін 12 мың АҚШ долларын төледім. Бала асырап алу үшін ақша төлеу керегін Бельгияда білдім, бірақ мұның заңсыз екенінен хабарсыз болдым. Өйткені мен Арқалыққа барғанда, ол жерде АҚШ-тан келген басқа да адамдар болды. Менің ойымша, олар 20 мың долларды қолма-қол төлеуге мәжбүр болды", - дейді әйел.

Сонымен қатар, бельгиялық әйел қомақты қаржыны алған адамды да сипаттады. 

"Тегі есімде жоқ, мүмкін оны білмеген де шығармын. Ол Арқалықтағы балалар үйіне жақын маңда тұрды. Маған ол адам ағылшын тілінде сөйлейтін жалғыз адам болып көрінді. Сондықтан мен онымен байланыста болдым. Жәнібекті алып кеткеннен кейін ол әйелмен хабарласқан жоқпын, кейін Жәнібек 12-13 жасқа толғанда ол туралы көбірек ақпарат білу үшін оған электрон пошта арқылы хат жолдадым. Жәнібек ол кезде өзінің асыранды бала болғаны үшін басынан қиын кезеңді өткізіп жүрді, мен ол әйел маған көмектеседі деп ойладым, бірақ ол көмектеспеді", - деді Валери.

Ол Жәнібектің туған анасын америкалық орталық арқылы табуға тырысқанын жасырмады.

"Мен Жәнібек биологиялық анасын америкалық орталық арқылы табуға тырыстым, бірақ ешқандай ақпарат табылмады. Күндердің бір күнінде Жәнібек туған анасын құшақтап, арманына жетеді деп үміттенемін. Қосымша ақпарат алу үшін сені асырап алуға көмектескен арқалықтық әйелмен хабарласу керек, ол көп нәрсені жасырып отырған секілді", - деп қорытындылады ол.

Тағы да оқи отырыңыздар: Айдың 15 күні туған адамдар қандай болады?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Б. Жұмаділлә