Шымкенттік жолаушыдан 5 қап марихуана тәркіленді

Шымкенттік жолаушыдан 5 қап марихуана тәркіленді
Фото: ІІМ баспасөз қызметі

Түркістан облысының полицейлері шымкенттік жолаушыдан 5 қап марихуана тәркіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Түркістан облысы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында аса ірі мөлшердегі есірткіні заңсыз тасымалдау дерегінің жолын кесті.

Полиция қызметкерлері Батыс Қытай-Батыс Еуропа тасжолының 601-шақырымында Ford Focus көлігін тоқтатты. Жедел уәкілдер көліктің жүк салғышынан жолаушыға тиесілі, ішінде есірткіге ұқсас заты бар 5 қапты тауып, тәркіледі.

Алынған заттар сараптамаға жіберілді. Оның қорытындысына сәйкес тәркіленген зат салмағы 80 келіге жуық марихуана екені анықталды. Күдікті бұрын есірткі сақтағаны үшін сотталған Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.

Қазір осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Тергеу жүргізіліп жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова