"Болашақ ананың қасына серіктестікке күйеуі кіруіне қарсымын". Кәсіби доуламен сұхбат

"Болашақ ананың қасына серіктестікке күйеуі кіруіне қарсымын". Кәсіби доуламен сұхбат
Фото: Жеке мұрағатынан

Доула көмегіне жүгіну Қазақстанда соңғы 5 жылда қарқынды дамып келеді. Оған сұраныс та артып келетіні жасырын емес. Алена  Багибаева - кәсіби доула, болашақ аналардың дені сау баланы дүниеге әкелуіне көмектесіп жүрген маман. Доула қызметі, босануға қатысты доуланың көмегі туралы Massaget.kz тілшісі Аленамен сұхбаттасты.

Доула қандай қызмет көрсетеді?

Оның айтуынша, доула болашақ аналардың жүкті кезінен бастап, босанған сәтінен соң да қасынан табылады.

"Доула – болашақ аналардың сәбиін дүниеге алып келуге көмектесетін тәжірибелі, сертификаты бар маман. Доула көмегі әйелге тек жүкті кезінде ғана емес, босанған сәтінде де қажет болады. Нақты қандай көмек көрсетеміз? Толғақ кезінде қандай әрекет жасау керектігін, босану кезінде жеңілдетуге қатысты түрлі кеңестерді түсіндіреміз. Сондай-ақ, перзентханада киініп, жуынуға көмектесеміз. Ең бастысы - әйелде толғақ басталғаннан бастап, қашан болса да, бірден онымен бірге перзентханаға келеміз. Қосымша босанғаннан кейін де әйелдің қасында болып, шай-тамағын беріп, баланы қалай шомылдыру, массаж жасау және жөргекке орау керектігін көрсетеміз", - деді ол.

Алена доула медицина қызметкері болмағандықтан, дәрігерлердің жұмысына араласпайтынын айтты.

"Доула медицина маманы болмағандықтан, әйелдің анализдеріне, диагнозына араласпайды. Тек толғақ басталған сәтте ғана өзінің қызметіне кіріседі. Ең бастысы - доула ешқашан акушер мен дәрігердің жұмысына кедергі келтірмеу керек", - деді ол.

Кімдер доула бола алады?

Маман доула қызметіне қызығушылық қалай туындағанын айтып берді.

"Осы уақытқа дейін құрбыларыма, туыстарыма тегін серіктес болып кіріп жүрдім. Кейін көпшілігі "доула қызметі шықты, соны оқып алсаңшы" деп ұсыныс айтты. Кейін осы мамандықты зерттеп, 6 айлық баламды алып, жолдасыммен бірге барып, Алматы қаласында білім алдым. Жалпы кез келген адам доула бола алмайды. Медицина саласынан білімі бар, ана атанған әйелдер доула бойынша білім алуына болады", - деді ол.

Доуланың айтуынша, босанғалы жатқан әйел қасына серіктесті дұрыс таңдау керек.

"Жүкті әйел серіктек ретінде кімді кіргіземін десе де өзі біледі. Себебі бұл - оның қалауы. Дегенмен, босанатын адамы жанына жайлы болуы керек. Жалпы мен қайынапа, күйеуі, енесі кіруіне қарсымын. Олардың қалай реакция танытатының білмейсіз. Біреуі жай қарап тұруы мүмкін немесе әйелдің қиналғанын көріп, дәрігерлермен ұрысып кетуі мүмкін. Ал доула көмегіне жүгінсе, тек қана ананың жағдайын ойлап, өз қызметін атқарар еді. Өзім балаларымды дүниеге әкелген кезде доулаға жүгінбедім. Себебі ол кезде бұл мамандық әлі таныла қоймаған болатын", - деді ол.

"Әр әйел жүктілікке дайындалуы тиіс"

Аленаның айтуынша, әрбір әйел жүктілікке дайындалуы тиіс.

"Шын мәнінде әйел жүктілікке дейін салауатты өмір салтын ұстанып, жүктілікке дайындалып келуі керек. Бала көтергенде ғана денсаулыққа көңіл бөлмей, оған дейін де денсаулыққа қарау керек. Алдыма келген әйелдің бірінші физиологиясы туралы ақпарат аламын, содан кейін жұмыс бастаймын. Ең алдымен, қан қысымы көтерілмеу керектігін, перзентханаға қай кезде бару керектігін, қай уақытта жедел жәрдем шақыру керек және қалай тыныстау керек екенін үйретемін", - деді ол.

Оның айтуынша, алдына келген әрбір әйелдің әрекеті есінде қалған.

"Доула боп кірген әрбір әйелдің іс-әрекеті есімде. Солармен бірге ерекше сәтті бірге өткізу керемет. Онымен шын қуанасың, бірге жылайсың, дем аламыз, тіпті дәретханаға да бірге барамыз. Олардың баласы да маған ыстық. Себебі әйелдің ең керемет кезіндегі сәтін бірге өткізетіндіктен есімде қалады. Әрі қарай алғысын айтып, қуанады. Мұның бәрі мені қуанышқа бөлейді", - деді ол.

"Жүктілікті жоспарлау керек"

Оның айтуынша, қазіргі таңда әйелдер жүктілікті жоспарламағандықтан ауру балалар көп.

"Жасы 30-дан асқан әйелдің басты қателігі - баланы жоспарламайды. Бір баланы босанып болған соң артынша екіншісіне жүкті болып қалады. Ал жүкті болып қалған әйел баласын 1 жастан емізбей қояды. Былайша айтқанда бала сүтке жарымай өседі. Ондай бала өсе келе түрлі ауруларға ұшырауы мүмкін", - деді ол.

Сондай-ақ, доула маманы жүкті келіншектерге ақыл-кеңесін айтты.

"Қазір жас қыз-келіншектер өте ізденімпаз, барлығын қарап, зерттеп жүреді. Бәрі болмаса да, 90 пайызы босану кезінде не істеу керек екенін теория жүзінде біліп келеді. Ең бастысы - жүктілікті жоспарлау, денсаулыққа бей-жай қарамау деп айтар едім. Себебі әке мен шешенің денсаулығы жақсы болса, сау бала дүниеге келеді", - деді маман.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы