Ақтөбеде 8-сынып оқушысының өліміне қатысты күдікті ұсталды

Ақтөбеде 8-сынып оқушысының өліміне қатысты күдікті ұсталды
Фото: mgorod.kz

11 сәуірде кешке Ақтөбедегі олимпиадалық резервтегі мектеп-колледжде Бексұлтан есімді 14 жастағы оқушы қайтыс болды. Осы жайтқа қатысты жаңа деректер белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mgorod.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция "денсаулықа қасақана зиян келтіру бойынша" тергеу басталғанын айтты.  Ал 13 сәуірде Instagram-да марқұмның әпкесінің үндеуі пайда болды. Оның сөзінше, Бексұлтанды жоғары сынып оқушылары соққыға жыққан. Ағайынды Бексұлтан мен Ерсұлтан олимпиадалық резерв мектебінің 8-сыныбында оқыған.

"11 сәуірде кешкі сағат 20:30 бен 21:00 шамасында бөлмелерді жинамағаны үшін менің бауырларым соққыға жығылған. Төбелес кезінде Бексұлтанды алдымен 9-сынып оқушылары ұрып-соққан. Содан кейін 10-сынып оқушысы оның бетінен 2 рет ұрған, ал кеудесінен бірнеше рет соққан. Қатты соққыдан ол еденге құлап, есінен танып қалған. Бексұлтан соққыға жығылып, қаза тапты, ал Ерсұлтанның көз алдында бауырын өлтірді", - деп жазды ол.

Ақтөбе облысының Полиция департаменті өкілдері күдікті анықталып, қамауға алынғанын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде олимпиадалық резерв мектебінің оқушысы қайтыс болғаны хабарланды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова