Көкөністер мен жемістер ішек қатерлі ісігінен қорғайтыны рас па? 

Көкөністер мен жемістер ішек қатерлі ісігінен қорғайтыны рас па? 

Оңтүстік Дакота мемлекеттік университетінің (АҚШ) бір топ ғалымдары жүргізген зерттеудің нәтижесінде өсімдік заттары, флавоноидтар, қатерлі жасушалардың өсуін тежейтіні анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі health.mail.ru-ға сілтеме жасап. 

Флавоноидтар - барлық ашық түсті көкөністер мен жемістерде кездесетін табиғи пигменттер. Ғалымдар метаболизм кезінде флавоноидтардың ыдырауы кезінде ішекте 2,4,6-THBA қышқылы түзілетінін анықтады. Оның тоқ ішек пен тік ішекте ісік жасушаларының өсуін басу мүмкіндігі бар.

Ең алдымен жүзім, көкжидек, қаражидек, мүкжидек, таңқурай, қарақат, шие, баклажан, бұрыштың әртүрлі түрлеріне түс беретін антоцианин флавоноидтары туралы айтып отырмыз. Флавоноидтардың ыдырау өнімі аз мөлшерде тіпті қызыл шарапта табылған.

Қатерлі жасушаларға қарсы 2,4,6-THBA тиімділігін растау үшін қосымша зерттеулер қажет болғанымен, ғалымдар бұл зат болашақта ісікке қарсы препараттарды әзірлеуге негіз бола алады деп болжайды. Сонымен қатар, ішек бактериялары флавоноидтардың ыдырауында маңызды рөл атқаратындықтан, зерттеушілер қазір 2,4,6-THBA шығаратын дәл сол микроорганизмдерді іздейді. Бұл бактериялар флавоноидтары бар қоспалармен бірге ішек қатерлі ісігінің алдын алу үшін пробиотик ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов