Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығына қомақты айыппұл салынды

Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығына қомақты айыппұл салынды
Фото: Tengrinews.kz

Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығына жүздеген миллион теңге айыппұл салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасай отырып.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы" АҚ қатысты тергеу жүргізді. Оның қорытындысы бойынша, орталық нарықтағы үстем жағдайды теріс пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Астананың әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұлттық орталыққа метрология саласында 370,3 миллион теңге және тауарлардың сәйкестігін растау жөніндегі қызметтер үшін 222,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салды.

Айыппұлдың жалпы сомасы - 592,7 миллион теңге, ол толық көлемде төленді.

"Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы" Стандарттау, метрология, өнімді сертификаттау, қызметтер, менеджмент жүйелері, сынау, зертханааралық салыстыру, автокөлікті техникалық тексеру, тауардың шығу тегін сараптау, зергерлік бұйымдарды сынау және таңбалау саласында қызметтер көрсетеді, қазақстандық нарыққа түсер алдында әртүрлі тауарларды тексереді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек