Оралда су тасқыны салдарынан хайуанаттар бағындағы жануарлар эвакуацияланып жатыр

Оралда су тасқыны салдарынан хайуанаттар бағындағы жануарлар эвакуацияланып жатыр
Фото: uralskweek.kz

Оралда хайуанаттар бағының бір бөлігін су шайып кетті. Енді Шаған өзеніндегі су деңгейі тағы көтерілсе, биологиялық орталық түгел суға кетуі мүмкін. Қазір зообақтағы жануарлар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

 Зообақта 90 түрлі жануардың 250 басы бар. Оны көшіруге арнайы орын дайындалған. Ең бірінші, тасбақа, тышқан сынды кішкентай тіршілік иелері көшіріледі. Тұяқты жануарлар да су деңгейі көтерілмей тұрып дайын орынға жайғастырылмақ. 

Ал құстар мен  балық қаладағы зоодүкендерге уақытша жіберіледі дейді орталық мамандары. Құтқару жұмысына бақтың барлық қызметі жұмылдырылған. Олар жануарларды эвакуациялау қиынға соғып жатқанын айтады. Әсіресе аңдардың бәріне ыңғайлы орын табу оңай емес. Ал жыртқыш аңдарды алып  жүру өте қауіпті. Сондықтан кейбір аң зообақтағы қауіпсіз-ау деген жерге ауыстырылады.

"Өкінішке қарай, бізде үлкен пума, аюларымыз бар. Үлкен төрт метр биіктік салғанымен де, бұл жануарларды қорғаймыз ба деп ойлап отырмыз. 2011 жылы да судан аман қалған. Сол сияқты жануарларымызды аман алып қалғымыз келіп отыр. Балаларға қызық сыйлап отырған, балалар танып-біліп отырған жануар", - деді Орал қаласы экология-биология орталығы  директорының орынбасары Гүлжайна Нұралиева. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек