Президент отандық ғылымның алдындағы маңызды міндет туралы айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылымның алдындағы маңызды міндет туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Отандық ғылымның алдында Қазақстан экономикасын декарбонизациялауға байланысты маңызды міндет тұр. Дамыған елдердің көбі жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жобаларды белсенді іске асыруда. Сондай-ақ олар көміртексіз дамуға көшіп, жаңа экономикалық кластерлер құру үшін қажетті технологиялық әлеуетке ие. Бұл саладағы жаһандық үрдістер көшінен қалмау үшін бізге өз ерекшеліктеріміз ескерілген төл ғылыми әзірлемелер қажет.

Осы ретте жеріміздің қазба байлығы бұрынғыша еліміздің экономикалық өсімінің негізі болып қала беретінін естен шығармаған жөн. Сондықтан табиғи ресурстарды, соның ішінде көмірсутегілер мен сирек кездесетін металдарды өндіру саласына озық технологияларды енгізу керек. Іздеу-барлау жұмыстарының нәтижелі болуына мән беріп, жаңа кен орындарын ашу қажет. Ол үшін геология ғылымын сапалы дамыту маңызды.

Жалпы, бүкіл отандық ғылымның әлеуеті бәсекелестік артықшылықтарымызды тиімді пайдалануға және ғылымды қажет ететін жаңа секторларды кеңінен игеруге бағытталуға тиіс", - деді президент. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз