Миллиардер әйел алаяқтық жасағаны үшін өлім жазасына кесілді

Миллиардер әйел алаяқтық жасағаны үшін өлім жазасына кесілді
Фото: vtcnews.vn

Жылжымайтын мүлік магнаты, вьетнамдық Чыоң Ми Лан 11 сәуірде Хошимин қаласының соты ел тарихындағы ең ірі қаржылық алаяқтық ісі бойынша өлім жазасына кесілді. Ол ақша жымқырғаны, пара алғаны және банк заңнамасын бұзғаны үшін кінәлі деп танылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі RG сайтына сілтеме жасап.

Van Thinh Phat (VTP) жылжымайтын мүлік компаниясының төрағасы 67 жастағы Чыоң Ми Лан 12,5 миллиард долларға алаяқтық жасады деп айыпталған.

Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, 2012 жылдан 2022 жылға дейін ол Сайгон Коммерциялық банкін (SCB) ондаған адам арқылы басқарып, бұл қаражатты мыңдаған "елес компаниялар" арқылы аударып, мемлекеттік шенеуніктерге пара берген. Айыптаушы тараптың айтуынша, 2018 жылдың басынан бастап 2022 жылғы қазанға дейін үкімет SCB-ге қаржылық көмек көрсетіп жатқан кезде, Лан бір мезгілде ірі компанияларға заңсыз несиелер беріп, ірі соманы жымқырған.

Ланның 2022 жылғы қазанда қамауға алынуы Вьетнамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан күрестегі ең маңызды оқиғалардың бірі болды. "Жанып тұрған пеш" деп аталатын науқан Вьетнам саясатына әсер етті: жоғары лауазымды жүздеген шенеунікке және бизнес басшыларына импичмент жарияланды немесе отставкаға кетуге мәжбүр болды. Былтыр қарашада Вьетнам Коммунистік партиясының бас хатшысы Нгуен Фу Чоң "жемқорлықпен күрес ұзақ мерзімді перспективада жалғасады" деп мәлімдеді.

Лан сотының ауқымы таңғалдырады: істегі құжаттаманың жалпы салмағы - шамамен 6 тонна, 90-нан аса адам айыпталды, сот мыңнан астам куәгерді тыңдады. VTP Вьетнамдағы ең бай жылжымайтын мүлік фирмаларының бірі болды, ол әртүрлі жобаларды, соның ішінде сәнді тұрғын үйлерді, кеңселерді, қонақ үйлерді және сауда орталықтарын салған.

Ланның өлім жазасына шағымданатынын жеткізді. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек