Полиция қызметкерлерінің үйіңізді тінтуге құқығы бар ма?

Полиция қызметкерлері үйіңізді тінтігісі келсе, не істеу керек? Алматылық сот Динара Құйқабаева мұндай жағдайда жеке тұлғаның қандай құқығы бар екенін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Соттың айтуынша, тінту жүргізетін мүлік иесінің бірқатар құқығы бар.

"Егер полицейлер кенеттен есігіңізді қағып, үйіңізді тінтігісі келетінін мәлімдесе, сіз оларды кіргізбеуге құқығыңыз бар. Өйткені, олардың қолында үйге тінту жүргізуге рұқсат етілген қаулысы болуы шарт. Құзыретті органда қажетті құжат болған жағдайда, мүлік иесі тінту жұмыстары оның адвокатының қатысуымен жүргізілуін талап ете алады. Сонымен қатар, сіз бейнетүсірілім жасауға, тергеушіні назарыңыздан тыс қалдырмауға құқығыңыз бар, ең бастысы, бұл полицейлердің жұмысына кедергі келтірмеуі қажет. Пәтер иесі тіпті үйіне тінту жүргізілуінен бас тартуға құқылы. Бұл туралы хаттамада жазылады. 

Үйіңізде тінту жүргізетін болса, оның нәтижесі бойынша жасалған хаттамаға қол қоймас бұрын, сіз барлық деректің дұрыс көрсетілгенін, алынған зат тізімінің дұрыс жасалғанын тексеруіңіз керек. Содан кейін ғана құжатқа қол қоюыңызға болады. Сондықтан қорықпай, өз құқығыңызды қолданыңыз", - деді сот.

Айта кетейік, бұған дейін полиция қызметкері жеке тұлғаның ұялы телефонын талап етіп, тексеруге қаншалық құқылы екені хабарланған болатын. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Сібір жарасының белгілері қандай?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз