"Сотталсам сотталып кетейін, бірақ мен шындықты айтамын" - Байжанов

"Сотталсам сотталып кетейін, бірақ мен шындықты айтамын" - Байжанов
Фото: сот отырысынан кадр

Бақытжан Байжанов алғашқы күндері не үшін басқаша айғақтар бергенін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Байжановтың сөзінше, бастапқыда ол қорқып тұрған. 

"Ал екінші рет мені ұстаған кезде менде адвокат болды. Сол адвокат маған "мынаны айтпа, мынаны айтпа" деді. Сосын желтоқсан айында ол адвокат Бишімбаевтың адвокаттарымен араласып жүргенін түсіндім. Сол үшін ол адвокатты алып тастадым. 

Одан бөлек, менің айтып жатқанымның бәрі шындық. Сотталсам сотталып кетейін, бірақ мен шындықты айтамын", - дейді Бақытжан Байжанов. 

Еске салайық, бұған дейін Бишімбаевтың інісі Байжанов мәлімдеме жасаған болатын

Байжанов қайғылы оқиға болған күні Салтанат Нүкенованы бірнеше рет көргенін айтты. 

"Салтанаттың бір көзі ісіп тұрғанын көрдім. Вип-бөлменің ішінің астаң-кестеңі шығып жатты. дәретхананың есігі қирағанын көрдім. Оның бәрін көрдім. Таңертең гастроорталыққа келген кезде Бишімбаев түні бойы шу шығарып, ішімдік ішіп, Салтанатты кезекті рет ұрып тастағанын біліп келдім. Бұл туралы гастроорталыққа келер алдында хабардар болдым. Бірақ ол кезде ештеңе түсінбедім. Салтанатқа қауіп төніп тұрғанын, өлім мен өмірдің ортасында тұрғанын білмедім. Бұл ақталу емес. Мен тек шын мәнінде не болып жатқанын көре алмадым.

Бұл менің кінәм және мен оған қатты өкінемін. Егер назар аударып қарасам мүлде басқа жағдай болар еді. Енді амал не? Мен уақытында көмектесе алмасам да Салтанаттың жақындары мені кешіре алады деп сенемін", - дейді Байжанов.

Ол Салтанат мейрамханаға бұрын жиі келгенін айтады. 

"Өте мейірімді еді. Мейрамхана қызметкерлері Салтанат тарапынан ешқандай дөрекілік көрген емес. Оны кез келген қызметкер растай алады. Сол түні не болғанын айтып берейін. Мен 33-темін, қарапайым отбасынан шыққанмын. Әйелім, үш балам бар. Менің кесірімнен олар да зардап шегіп отыр. Олардан да, ата-анамнан да кешірім сұраймын", - дейді Байжанов.

Байжанов гастроорталықта 2022 жылдан бері директор қызметін атқарған. 

Бақытжан Байжановқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айтып тағылған:

432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);
434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).

 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина