Атбасар ауданының әкімі тұрғындарға бейнеүндеу жариялады

Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов су тасқыны жағдайына байланысты аудан тұрғындарына бейнеүндеу жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Аудан әкімі қала тұрғындарынан дүрбелеңге салынбауға шақырды.

Айта кетейік, Жабай өзенінде су деңгейі күрт көтерілуіне байланысты өзен арнасын бойлай салынған топырақ үйіндісін бүгін таңғы 04.43-те ағын су алты жерден бұзып өткен еді.

"Су дейгейі күрт көтеріліп алты жерден топырақ үйіндісін шайып өтуінен сыни межеден асып кетіп 5.95 метрге дейін көтерілді. Осыған байланысты су тасқыны қаупі төнген аймақтағы тұрғындар дереу тұрғын үйлерінен шығуы қажет. Қазіргі уақытта ауданда төтенше жағдай жарияланған. Барлық тұрғындарды дүрбелеңге салынбауға шақырамын. Қаладағы №2, 3, 5, 6, 7 мектептерде, ФОК, "Олимп" және музыка мектебінде орналастырылып, тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.

Барлық зардап шеккен тұрғынға шығын өтеледі. Ол үшін арнайы комиссия құрылған. Олар дереу зардап шеккен үйлерді тексеретін болады. Менің басшылығыммен аудан әкімдігі жанында су тасқынына қарсы штаб ұйымдастырылған. Жүгіну үшін байланыс телефондары 24227, ұялы телефон - 87055984525", - деді Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов.

Атбасар тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр

Қазіргі уақытта құтқарушылар үйлерін су басқан тұрғындарды эвакуациялық бекеттерге орналастыру үстінде.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!