Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекетке тағы 50 миллиард теңге қайтарады

Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекетке тағы 50 миллиард теңге қайтарады
Фото: gov.kz

Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекетке тағы 50 миллиард теңге қайтарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

11 сәуірде Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты қылмыстық істі қарау шеңберінде сот прокурордың өтініші бойынша заңсыз сатып алынған активтерді қайтару жөніндегі рәсімдерді орындау қажет екеніне байланысты процестік келісім жасасу үшін қосымша мерзім беру туралы шешім қабылдады.

Сотталушының жалпы сомасы 50 миллиард теңгеден асатын қосымша активтерін мемлекет пайдасына қайтару туралы мәселе қаралып жатыр.

Бұған дейін тергеу барысында Қайрат Сатыбалдыұлы өз кінәсін толық мойындап, қылмыстық жолмен алынған мүлікті ашуға ықпал еткен. Соталды тергеп-тексеру кезеңінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотталушының және оған байланысты тұлғалардың жалпы сомасы 732 миллиард теңгеден аса мүліктік активтері мен ақшалай қаражатын мемлекет пайдасына (әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс үйлер, пәтерлер мен автокөліктер, компаниялардағы акциялар мен қатысу үлестері, теміржол жолдары мен ақшалай қаражат, шетелдік мүліктерімен қоса) қайтарды.

Айта кетейік, оған қатысты салық төлеуден және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтару дерегі бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін сотқа Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты іс түскені хабарланды.

Ал 2023 жылы желтоқсанда Қайрат Сатыбалдыұлы 55 миллиард теңгеден аса ақшаны мемлекетке қайтарған болатын. Антикор Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеу шеңберінде елден заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті қайтарып жатқанын хабарлаған болатын.

Кейін Сатыбалдыұлы мемлекетке 44,6 миллиард теңге қайтарды. Қаражат мемлекетке келтірілген залалды өтеу бойынша республикалық бюджетке жіберілді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова