"Тауықтың қиы". Насыбай атқандар мен сатқандарды не күтеді?

"Тауықтың қиы". Насыбай атқандар мен сатқандарды не күтеді?
Фото: t-l.ru

Насыбай ату - қоғамда кеңінен таралған зиянды әдет. Өткен айда Ішкі істер министрлігі сауда орындарына тексеріс жүргізді. Олардың айтуынша, бұған дейін кәсіпкерлік объектілерінде бұл өнім түрі тексерілмей келген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда насыбайға құмар азаматтарды сынға алған болатын.  

"Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасасалатыны белгілі. Ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Құрамында түрлі дертті, оның ішінде онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар. Насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынған. Бірақ әлі күнге дейін көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатыр. Құқық қорғау мекемелері ешқандай шара қолданып жатқан жоқ", – деді Мемлекет басшысы. 

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, вейптер мен шегілмейтін темекі өнімдерін әкелу, өндіру, сату және тарату үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу туралы заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауында. Осы орайда министрлік Сенаттың да бұл істі қарастырып жатқанын айтады. 

"Қазіргі таңда Сенатта Денсаулық сақтау министрлігі бастамашылық еткен заң жобасы жатыр, оның шеңберінде насыбай мен вейптерді таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделеді және ол әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік ретінде есептелетін болады", - деді Руслан Қаржаспеков. 

Насыбай сатқандар қандай жауапкершілікке тартылады?

Ішкі істер министрлінің мәліметінше, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекске сәйкес шегілмейтін темекі өнімдерін әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады (110-баптың 9-тармағы).

"Осы тыйымды орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 196-бабы бойынша 25 АЕК немесе 92 300 теңге мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Бұл дегеніміз - тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау, - делінген заңда. 

Жол бойын ластап, түкірген азаматтарды не күтеді?

ӘҚБтК-нің 434-2-бабы бойынша жалпы ортақ пайдалану орындарының ластануы үшін әкімшілік жауапкершілік, яғни 5 АЕК немесе 18 460 теңге мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Осындай бұзушылықты бір жыл ішінде қайта жасаған жағдайда 10 АЕК немесе 36 920 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Биыл жыл басынан бері жалпы ортақ пайдалану орындарын ластағаны үшін 43 мыңнан астам құқық бұзушы жауапқа тартылды, - дейді ІММ. 

Насыбай сату фактісі қай өңірлерді көп тіркелген?

Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері шегілмейтін темекі өнімдерін сатудың 1,6 мыңнан астам фактісі анықталды. Ең көп факті Алматы, Астана мен Шымкент қалаларында және Түркістан облысында тіркелген.

Денсаулыққа зияны қандай? 

Терапевт Исламбек Дадажанов насыбайдың құрамында никотин, көмір, синиль және сірке қышқылдары, азот, эфир майы және өкпе ісігіне ұшырататын басқа да әртүрлі радиоактивті қоспалар барын айтады.

Біріншіден, адамның асқа деген тәбеті бұзылады. Жүрегі жиі айнып, көңіл-күйіне әсер етеді. Бұл бастапқы әсерлері ғана. Әрине, бұл белгілерді қалыпқа келтіруге болады, алайда көп тұтынған адам уақыт өте ауруға шалдығуы мүмкін. Насыбайды ұдайы ататын адамдардың асқорыту жүйесі бұзылады және тыныс алу жолдары қабынады. Адам мұны тілінің астына салған соң  бүкіл ағзаға таралады, яғни қанға сіңіп, бүкіл ағзаның жұмысына әсер етеді. Қанмен таралған соң адамның миында да бұзылыстар пайда болып, еске сақтау қабілеті нашарлайды. Яғни ми клеткаларын құрғатып жібереді. Насыбайдың құрамы негізі әртүрлі жерде әрқалай жасалады. Мәселен, көбіне тауықтың қиы мен әкті қосатынын жиі естиміз. Ал, бұл зиянды затты көп тұтыну ауыз қуысының рагына алып келеді. Ес сорақысы мұны көп адам елей бермейді, - деді Дадажанов.

Маманның сөзінше, адам бұдан емделу үшін алдымен жүрек қан-тамыры мен ас қорыту жүйесін тазалау керек.

Насыбайдың орнын басатындай дәрумендерді пайдалануға тиіс. Адам мұндай тәуелділікті бірден қойып кете алмайды, сол себепті альтернативті нұсқасын табу керек, - деді Исламбек Дадажанов.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Ордабаев