"Қазақстан Ресейдегі су тасқынына әсер етіп жатқан жоқ": министрлік Якушевтің мәлімдемесіне жауап берді

"Қазақстан Ресейдегі су тасқынына әсер етіп жатқан жоқ": министрлік Якушевтің мәлімдемесіне жауап берді
Фото: Владимир Астапкович/РИА Новости

Кеше қазақстандық және ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарында "Путиннің Оралдағы өкілі Қазақстанды Ресей аймақтарындағы су тасқыны үшін айыптады" деген ақпарат пайда болды. Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Кремль өкілі Владимир Якушевтің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, Тобыл өзенінің бойындағы су Ресейден келеді.

"Тиісінше су жіберу туралы шешім Ресей тарапынан келетін ағынға сай қабылданады. Сондықтан Қазақстан Ресейдегі су тасқынына әсер етеді деп айту дұрыс емес. Бұл шындыққа жанаспайды. 2 сәуірден бастап Қазақстан жағы Ресей тарапына Тобыл өзені бойынша су өткізу жөніндегі шешімдер туралы ақпарат беріп отыр. Тараптар тәулік бойы су ағынының ұлғаюына немесе азаюына қарай мәлімет алмасады. Сол себепті кез-келген келісілмеген әрекет туралы сөз жоқ. Қазақстандық тарап Ресей жағымен сыйластық, көршілік әріптестік рухында ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыруға, ақпарат алмасуға дайын", - деп жауап берді министрлік баспасөз қызметі өкілі Мөлдір Әбдуәлиева.

Еске салайық, бұған дейін БҚО-да Жайық өзені бақылауға алынатыны хабарланды.

"Су Ресей Федерациясының тарапынан келеді, онда су тасқынына байланысты Ириклин су қоймасына жіберіліп жатыр. РФ тарапынан Ириклин су қоймасының суын ағызу біртіндеп азайып келеді. Ресей тарапының ақпараты бойынша Ирикла су қоймасына ағын жылдамдығы - 1 485 м3/сек", - деген еді Батыс Қазақстан облысы ТЖД бастығының міндетін атқарушы полковник Руслан Қасыбаев ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова