Бишімбаев Байжановтан бұған дейін үйіндегі видеоны өшіруін сұраған

Бишімбаев Байжановтан бұған дейін үйіндегі видеоны өшіруін сұраған
Фото: Жоғары соттың баспасөз қызметі

Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында басты айыпталушы Бишімбаевтың туысы әрі осы іске қатысты екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, Бишімбаев қаралы оқиға болғанға дейін де үйіндегі видеоны өшіруді сұраған.

"Қарашаға дейін 2-3 ай бұрын Бишімбаев Тұран даңғылындағы тұрғын үй кешеніндегі бейнебақылау камераларынан видеоны өшіруді сұрады. Бұл үйде ол Салтанатпен бірге тұрды. Олардың арасында ұрыс-керіс болған. Ол кезде де мұны көршілері көрмеуін, сондай-ақ, әлеуметтік желіге тарамауын қалады деп ойладым. Ол кезде басқарушы компанияның офисіне бардым, пәтер иелері кооперативінің төрағасы Гүлнұрға менің көзімше видеоны өшіріп тастады", - деді ол сот отырысында. 

Сонымен қатар, Байжанов қазір ПИК өкілі видеоны өшіргенін мойындамай отырғанын жеткізді. Себебі бұл оның қызметіне кедергі келтіруі мүмкін екен. Алайда Байжанов бұл видеоны қалпына келтіруге болатынын немесе видео өшірілгенін көруге болатынын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Байжанов қайғылы оқиға болған күні Салтанат Нүкенованы бірнеше рет көргенін айтты. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова